Хабар телеарнасы

«Таза бейсенбі»: Шымкенттен 5 тоннадан астам қоқыс шығарылды

Шымкентте «Таза бейсенбі» эконауқаны аясында «Асар» шағынауданы аумағы қоқыстан тазартылып, қураған шөп жиналды. Сонымен қатар жол бойындағы арық-атыздар да аршылып, 5 тоннадан астам қоқыс шығарылды.

Экологиялық науқанға партия мүшелерінен бөлек жастар қанаты, студенттер мен тұрғындар атсалысты. Жалпы маусым айынан бері «Таза бейсенбі» акциясы 23 рет өткізіліп, 30 тоннадан астам қоқыс жиналған.

Ербол Байқоныс, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары:

- Бүгінгі күнге дейін 3,5 мыңға жуық адам қатысты, 23 рет өткізілді деп жатырмыз ғой. Бізде әр бейсенбі сайын өзінің белсенділігін арттырып жатқан азаматтар да келіп, тазартуға жұмыс істеп жатыр. Өйткені бұл біздің Шымкент қаламыз ғой. Тұрғындар бей-жай қарап жатқан жоқ.