Қазақстанда 370-тен астам кореялық компания жұмыс істейді
Кореяда жүрген қазақстандықтардың төрттен бірі – заңсыз мигрант. Аталған көрсеткішті төмендету үшін қазір екі елдің ведомстволары келіссөздер жүргізуде.
Бұл туралы Қазақстан-Корея қарым-қатынасының қазіргі жағдайы туралы семинарда елші ЧжоТэ-Ик айтты. Оның сөзінше, келісімге қол жеткізсек, азаматтарымыз Кореяда 3 жылдай заңды негізде жұмыс істей алады. Қазір мұндай келісім Өзбекстан, Иран, Қырғызстан сынды 17 мемлекетпен жасалған.
Бұдан бөлек, семинарда сауда-саттық, инвестиция мәселелері де талқыланды. Оңтүстік Кореяның Орталық Азиядағы саудасының 60 пайыздан астамы біздің елмен жасалады. Соңғы 32 жылда Қазақстанға бағытталған инвестиция көлемі де қомақты. Қазір ол 4,3 миллиард АҚШ долларынан асты
Чжо Тэ-Ик, Корея Республикасының ҚР төтенше және өкілетті елшісі:
- Қазақстанда 370-тен астам кореялық компания жұмыс істейді. Оның көлемі күн сайын артуда. Мәселен, қазір автомобиль шығару зауыты салынып жатыр. Біздің инвесторлар елдеріңізде тұрмыстық техника жасайтын зауыт ашуға да ниетті. Бұл үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр.