Сенат 2024-2026 жылдарға арналған бюджет жоспарын мақұлдады
Сенат депутаттары «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңды мақұлдады. Аталмыш құжат ұзақ талқылаудан өтті. Өйткені табыс жоспарлаған межеге жетепей қалды. Ал шығын биыл әдеттегіден көп болды. Сондықтан да оны қайта пысықтау қажеттігі туындады. Әлеуметтік міндеттемелерді толық орындау үшін Ұлттық қордан қосымша қаржы алу көзделген.
Қаржығы қатысы бар Үкімет мүшелері Сенатқа түгел жиналды. Өйткені сұрақ көп. Туындаған мәселенің себебін түсіндіру, бұған дейін қабылданған шешімдер мен жаңа ұсыныстарды дәлелдеу қажет. Биыл бюджеттің нақтыланған шығындары 23 трлн теңгеден асты. Ал кіріс 14 трлн теңгені құрапты. Бұл - бастапқы жоспардан төмен. Жетпей тұрған бөлігін қайдан аламыз?
Мәди Тәкиев, ҚР Қаржы министрі:
- Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2 трлн теңгеге нысаналы трансферт тарту барлық шұғыл шығыстарды, оның ішінде мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін қаржыландыруға мүмкіндік береді.
Мұнай бағасының құбылуы мен оның өндірісінің төмендеуі біздің қалтамызға қатты әсер еткен. Экономикалық өсу биыл 5,3% деңгейінде болады деп күтілген. Алайда ол 4,1 пайыз болып шықты. Міне, сондықтан да бюджетке толықтырулар жасау қажеттігі туындаған.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Бұл құжат қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайды, мемлекеттік саясаттың басымдықтарын және ағымдағы сын-қатерлерді ескере отырып әзірленді. Осы заңды мақұлдау мемлекеттің азаматтар алдындағы міндеттемелерін толық орындауды, макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауды және негізгі стратегиялық бастамаларды одан әрі іске асыруды қамтамасыз етеді.
Атап айтқанда, қосымша қаржы өңірді дамытуға бағытталады. Оның ішінде жалақыдан бастап мектеп, аурухана басқа да нысандар құрылысы бар. Былайша айтқанда, маңызды жобалар тоқтамайды.
Ал жиыннан кейінгі баспасөз отырысында доллардың алдағы тағдыры туралы сұрақ көтерілді. Бірнеше күн бұрын ол айырбастау орталықтарында 530 теңгеге дейін көтерілген болатын.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы:
- Біз ашық экономикалық саясат ұстанамыз. Өйткені өздеріңіз білетіндей, біз Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесіміз, біз Еуразиялық экономикалық одаққа мүшеміз. Бүкіл әлеммен белсенді сауда жасаймыз және әлемде болып жатқан процестердің бәрі бізге әсер етеді. Бұл алтын бағасы, мұнай бағасы, уран бағасы мұның бәрі ықпал етеді. 2025 жыл биылға қарағанда жақсы болады деп үміттенеміз.
Қысқаша айтқанда, сыртқа шығаратын тауарлар бағасы тиімді болса, онда қаржылық ахуал тұрақты болады. Егер теріс мәнде өзгерсе, бізде де соған сай өзгерістер болуы әбден мүмкін.
Айта кетейік, Қазақстан қор биржасындағы доллар бағамы қазір 523 теңге.
Ердәулет Ыбырайұлы, Әлібек Әлиев