Мемлекет басшысы валюта бағамын қолдан ұстап тұру тәжірибесінен бас тартқанымызға біраз уақыт болғанын атап өтті. «Нарық факторларына байланысты еркін бағам қалыптастыру жолын таңдадық. Мен теңгені күшейту үшін еліміздің алтын-валюта қорын босқа ысырап ету орынсыз деп санаймын»,- деді Президент.
Еске салсақ, 2024 жылдың қараша айында теңгенің долларға шаққандағы бағамы 500 теңгеден асып кеткен еді. Бұл орайда сарапшылардың пікірі қандай? Алтын-валюта қорының болашақ үшін маңызы неде?
Бауыржан Ысқақов, экономист:
- Алтын ол болашақта өзінің бағасын жоймайтын құнды, бағалы зат болып табылғандықтан, оны біз жинақтап, болашағымызға қарай қалыптастыруымыз керек. Ал қазіргі уақытта экономикаға керектілігі – бұл экономиканы әртараптандыру. Біздің мұнайдан, газдан түсетін табысымыздан гөрі, сол табыстылықты ауыл шаруашылығы саласы, өңдеуші сектор, мұнай-газ химиясы, яғни экономикаға күш беруге мүмкіндік беріп жатқан салаларды біз дамытуға басты назар аударуымыз керек.