Хабар телеарнасы

Шетелдік маркетплейстер Қазақстанда тіркелуге міндеттеледі

Шетелдік маркетплейстер Қазақстанда тіркелуге міндеттеледі. Мұны Үкімет отырысында еліміздің Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты. Себебі олардың жұмысына қатысты тұтынушылар тарапынан шағым көп. Сапасыз тауар және оны қайтара алмаудың әлегі, кері байланыстың жоқтығы осындай бастамаға түрткі болған. Жалпы елде электронды сауданың дамуы қалай?

Дамир Берікұлы, тілші:

- Елімізде электронды сауда қарқынды дамып келеді. Қазір екінің бірі қандай да бір қажетті затына онлайн тапсырыс беретін болған. 2024 жылдың қорытындысы бойынша электронды сауданың жалпы саудадағы үлесі 15%-ке жуықтапты. Алайда бұл әлемдік деңгейден әлдеқайда төмен.

Сондықтан Үкімет бұл саланы одан әрі дамытуға ниетті. Оған бірнеше себеп те бар. Ең алдымен, аталған сауда түрі ашықтықты қамтамасыз етеді. Онлайн алып-сатуда көлеңкелі бизнес деген атымен жоқ. Нәтижесінде салық түсімі көбейеді.

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Елімізде бөлшек саудамен айналысатын 505 мың офлайн компания 3 жыл ішінде 240 миллиард теңге салық төлеген. Ал онлайн саудамен айналысатын 73 мың компания 360 миллиард теңге салық төледі. Сондай-ақ компаниялар онлайн сауда жасағаннан кейін қалай өзгеретініне талдау жасалды. 10 мың әртүрлі жағдайды талдау нәтижесінде маркетплейске шыққаннан кейін 1,5 жылдан соң компаниялардың орташа сатылым көлемі 4,8 есе артып, салықтық төлемдер 13,5 есе көбейіп, сату географиясы кеңейді.

Жалпы елімізде соңғы 5 жылдың ішінде онлайн сауда-саттық көлемі 5 есе өскен. 2024 жылдың өзінде қазақстандықтар түрлі маркетплейстерде 3 трлн теңгеден астам қаржы жұмсаған. Салада 300 мың адам жұмыспен қамтылған. Дегенмен проблема да жоқ емес. Тауарды жеткізу мерзімі қысқарғанымен, сапасыз затты қайтару және ол үшін шетелдік ұйымдардың жауапкершілік алуы қиын боп тұр. Үкімет мұны заңнамаға өзгерістер енгізу арқылы шешпек.

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Бірінші шетелдік платформалардың жұмыс істеуі үшін міндетті шарттарды енгізу, оларды отандық платформалармен теңестіру. Екінші тауарлардың қауіпсіздігі және контрафактімен күресу. Үшінші тұтынушылардың құқықтарын қорғау, жеке деректерді сақтау және қорғау талаптарын сақтауды қамтамасыз ету.

Одан бөлек, министр кедендік рәсімдерді де жеңілдетіп, онлайн сауда жасайтындарға бөлек салық режимін енгізуді ұсынып отыр. Үкімет басшысы да саланы дамыту үшін жауаптыларға нақты тапсырмалар берді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Әділет және Цифрлық даму министрліктерімен бірлесіп, ақпан айының соңына дейін тұтынушылардың электрондық саудадағы құқықтарын қорғау деңгейін арттыру бойынша нақты шаралар әзірленуге тиіс. Бұл жұмысты өнімнің сапасына, зияткерлік меншікті және азаматтардың дербес деректерін қорғауға басымдық бере отырып жүргізу керек. Сауданың дамуы көлік, логистика және қойма инфрақұрылымына тікелей байланысты. Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен және бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, наурыз айының соңына дейін ел ішінде, сол сияқты халықаралық деңгейде тауарларды жеткізудің тиімді тізбектерін қалыптастыруы қажет.

Бұдан бөлек, Үкімет басшысы бұл бағытта «Қазпоштаның» да жұмысын жандандыруды тапсырды. Премьер-министрдің сөзінше, оған ұлттық оператордың әлеуеті жетеді. Тек шығындарынан арылу қажет.

Дамир Берікұлы, Айдос Меделбеков