Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдыруды ұйғарды
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,25% мөлшерінде өзгеріссіз қалдыруды ұйғарды. Бұл шешімді қабылдау кезінде ішкі және сыртқы орта, инфляциялық және экономикалық процестер ескерілген. Сыртқы факторға келсек, еліміздің негізгі сауда-серіктесі Ресейде инфляция деңгейі өсіп, ол өз кезегінде біздегі бағаға әсер етуі ықтимал. Ішкі нарықтағы жағдайға тұрғын үй коммуналдық қызметтерге тарифтердің өсуі, теңгенің әлсіреуі және тұтынушылық сұраныстың артуы себеп. Экономиканың сыртқы өзгерістерге ұшырамай дамуына септесетін бағыттың бірі - алтын валюта резерві. Қазір резерв көлемі 45,8 млрд долларға дейін, оның ішінде алтын көлемі 23,8 млрд долларға дейін өскен.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
-ҚР ҰБ функциясында теңгенің бағамын реттеу деген функция жоқ. Теңге Қазақстан қор биржасында ұсыныс пен сұраныстың арқасында реттеліп, белгіленіп бағаланады. Сондықтан қандай ұсыныс, қандай сұраныс болса сондай теңгенің долларға, евроға, рубльге қатысты бағамы қалыптасады. Сондықтан біз жалпы былай реттейміз, қолмен реттеп отырған жоқпыз. Нарықта доллардың ұсынысын нығайту үшін біз сыртқы нарықтарда сатқан алтынның пайдасын әкеліп ішкі нарыққа ұсынатын боламыз. Ал доллардың ұсынысы көбірек болса, онда доллардың бағамы түсуі мүмкін.