Картоп бағасы алдағы 3-4 күнде тұрақталады
Картоп бағасы алдағы 3-4 күнде ұзағымен бір аптада тұрақталады.
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері хабарлады. Олар қазіргі ахуалға қатысты пікір білдірді. Мамандардың дерегінше, күзде 2 млн тоннадан астам картоп жиналған. Жақында біздегі өнімге Ресей мен Өзбекстан тарапынан сұраныстың артуы бағаның көтерілуіне әсер еткен. Үкімет енді оның экспортына уақытша шектеу салды.
Ал қазақстандықтар ай сайын 168 мың тонна картоп тұтынады екен. Қазір біздің қоймаларда 600 мың тоннадан астам картоп бар. Демек қор жеткілікті, тапшылық болмайды. Өнімнің бір келісі өткен демалыс күндері Астанада 433 теңгеге дейін көтерілген болатын. Жағдайды түзеу үшін тұрақтандыру қорларынан картоп сатылымға шығарылыпты. Сол арқылы баға енді төмендеуі тиіс.
Назгүл Хатепова, ҚР АШМ департамент директоры:
- Бірінші кезекте тұрақтандыру қорларын іске қостық. 68 мың тонна бар дедік қой. Нарыққа арзан бағадағы картоп шыққан кезде басқа сауда орындары да бағаны түсіреді. Өткені сұраныс арзанға бірінші болады. Экспортқа толығымен тыйым салынды.