Қоғамдық көлік қызметі түзелмей тұр
Олардың бесеуі облыс орталығына қарасты бес елді мекеннің тұрғындарына қызмет көрсетеді. Ауылдағы ағайынның дәл осы маршруттағы қоғамдық көлікке деген өкпесі қара қазандай, шағымы көп. «Қақаған аязда не жұмысымызға, не оқуымызға жете алмай дал боламыз», – дейді олар. Жалпы саладағы осы тектес мәселелер ел аймақтарында да жетерлік.
Бүгінде іргедегі Ленин кентіне жеті автобус жолаушы тасымалдайды. Бес 45 орындық қоғамдық көлік 25 жыл бойы қолданыста. Таңғы және кешкі уақытта екі есе көп жолаушы тасиды. Жұрт қалаға асыққанда біраз қиындықтар көреді.
Махмұт Сахиев, Ленин ауылының тұрғыны:
- Ленин ауылын, Айнакөлді бәрін айналады ғой. Айналып мына жерге келгенде бір сағат өтеді. Балалар, студенттер, енді қиын. Көбі автобустарға сыймай жатады.
Әмина Байтанова, Ленин кентінің тұрғыны:
- Кейде кешігіп келеді. Адамдар тоңып тұрады. Оқудан, жұмыстан қалады. Кіргенде де жылуды қоспайды.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Ленин кенті Павлодар қаласынан 11 шақырымдық жерде орналасқан. Сондықтан бұл ауылда облыс орталығында еңбек ететіндердің саны өте көп. Дегенмен қоғамдық көлік кестесіндегі кейбір олқылықтардың салдарынан жұмыскерлер діттеген жерлеріне жете алмайды. Себебі автобус жарты сағатта бір рет жүреді.
Мамандар 30 минуттық жиілікпен автобус тек күндіз жүретінін айтты. Ал олардың санын көбейту экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Бір қоғамдық көлік күніне 400 шақырымдай жол жүрсе, шығындарын өтей алмауы ықтимал. Оған қоса бұл бағыттарға қалалық тариф бекітілген, яғни 80 теңгеге 20 теңге қосылады.
Ернар Қоңырханов, Павлодар №1 паркінің директоры:
- 100 адамға арналған автобустар 60-70 адам тасып жүр. Таңертеңгі және кешкі уақытта Ленин кентіне бес автобус қатынайды. Өйткені орындықтарға отырғызып тасымалдай алады.
Іші суық, жол ақысына билет берілмейді, жүру уақыты кестеге сай емес. Теріскейдегі қоғамдық көліктің кемшіліктері осындай. Петропавл көшелеріне күніне 300-дей қоғамдық көлік шығады. Автобустарға электронды жүйе енгізу керек. Сонда ғана жол ақысынан түскен табыс ашық көрсетіледі. Арнайы тексеріс жүргізген мамандар осындай пікірде.
Руслан Асаубаев, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа орталық» ҚБ облыстық филиалының жетекшісі:
- Билеттер берілмейді. Жүргізушілер: «Бірде жоқ, бірде алмадық», – дейді. Оның бәрі белгісіз. Анығы қазынаға қаржы түспейді. Яғни жолаушы тасымалдаушылар нақты қанша пайда көретінін көрсетпейді.
Қоғамдық көліктің жыры Талдықорғанда да бітер емес. Жүргізушілер өзара «бәйге» өткізіп, тұрғындардың ашуын тудырған. Жауыр болған мәселені шешу үшін қала билігі жеке кәсіпкерлерді ығыстырып, мемлекеттік парк құрмақ.
Нұрбақыт Алтынбеков, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өкілі:
- Арнайы бағдарлама әзірленуде. Жоба шеңберінде жаңа автобустар сатып алынып, біртұтас мекеме құрылады. Элктронды билеттеу жүйесін енгізу қарастырылған. Қазір тұрғындар үшін смарт-аялдамалар орнатылды.
Бүгінде Павлодардағы автобус паркінде 80-нен астам қоғамдық көлік бар. Басым бөлігі ескірген. Мәселені түбегейлі шешу үшін жаңа 30 автобус сатып алынбақ. 20 электро және 10 дизель автобусын алуға 2 млрд теңге жұмсалмақ. Жарты жылдың ішінде ауылдарға баратын көліктер жаңартылады.
Авторы: Ақмарал Есімханова