Бос жер учаскелері электронды аукцион арқылы сатыла бастады
Енді кәсіпкерлер үйінде отырып аукционға қатыса алады. Электронды бәссаудалар былтырдан бері Ақжайық, Бөрлі, Казталов, Тасқала аудандарында өткізілген.
Жер учаскелері аукцион арқылы енді жеке тұлғаларға да сатыла бастады. Жалпы облыста соңғы үш жылда бизнеске арналған жерлер бәссауда арқылы иесін табуда. Ал осы аукциондардың аудандарда әрі электронды түрде өткізілуі көптің қызығушылығын туғызғаны рас. «Енді үйде отырып-ақ жер учаскесін қарауға болады», – дейді теректілік кәсіпкер Руслан Жұмағалиев. Ол жуырда дүкен салуға қажетті жер телімін тың тәсілмен алыпты.
Руслан Жұмағалиев, Теректі ауданының тұрғыны:
- Бұрын жер алу қиын болды. Мысалы әкімдікке барамыз, анда барамыз, мында барамыз. Кезекке тұрып алып жүрдік. Қазір интернетпен алу мүмкіндігі туды, жақсы болды. Ешқайда жүгірмейсің, үйден қарап отырасың. Құжаттың бәрін әзірлеп береді.
Өңірде өткен жылы 18 аукционда 103 жер учаскесі сатылса, соның үштен бірі zem.kz сайты арқылы жүзеге асқан. Аталған порталда бос жатқан жер телімдерімен қатар, конкурсқа ұсынылатын ауылшаруашылық жерлері де белгіленген. Тұрғын үй кезегіндегі азаматтардың тізімдері мен өзге де мәліметтер көрсетілген.
Жұматай Ашықбаев, БҚО Жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:
- Zem.kz порталы – Қазақстан бойынша «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жасалған шара. Бірінші ыңғайлылығы әрбір азамат немесе заңды тұлға электрондық қолтаңбасы бар болса, сайтқа тіркеліп, аукционға қатыса алады.
Аукцион ұйымдастырудағы мақсат – қазынаны толтыру ғана емес, жер телімдерін беруде барынша ашықтықты қамтамасыз ету. Бүгінде осы мақсатқа қол жеткізілгендей. Егер 2017 жылы кәсіпкерлер палатасына келіп түскен арыз-шағымның 37%-ы жерге қатысты болса, былтыр ол көрсеткіш 17%-ға азайған. Кәсіпкерлердің ендігі сұрайтыны – бас жоспарға сай жаңа ықшам аудандардағы жер телімдері көрсетілуі.
Нұржан Мақсотов, БҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:
- Тек қана біздің облыс орталығы мен бұрынғы ескі аудандар бойынша бос жер учаскелері көрсетілген. Ендігі кезекте қарқынды дамып келе жатқан, жаңадан құрылып жатқан аудандар бойынша бос жер учаскелері, олардың инфрақұрылымы, инженерлік жағдайы мен жоспарларын нақтыланған түрде көрсету жөнінде ұсыныстар керек.
Өткен жылы 27 мың заңды және жеке тұлға zem.kz порталынан қажетті ақпарат алған. Ал биыл аудандардағы аукциондардың басым бөлігін электронды түрде өткізу жоспарланған.
Авторлары: Ерденбек Жылқайдарұлы, Руслан Ғазезов