Елбасы өртте қаза тапқан бес қыздың ата-анасына көңіл айтты
«Кеше Астанада ауыр қайғылы оқиға болды. Өрт салдарынан бір отбасы бес бірдей перзентінен айырылып қалды. Қаза болған балалардың ата-анасы мен туысқандарына қайғырып көңіл айтамын. Осыған орай, Үкіметке және қала әкімі Бақыт Сұлтановқа зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетуді тапсырдым», – деді Президент.
Бұған қоса, Елбасы барлық әкімдер мен құзіретті орган басшыларына өрт қауіпсіздігін күшейтіп, мұндай қайғылы оқиғалар қайталанбас үшін тиісті шараларды қабылдау керек екенін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, қайғылы оқиға 4 ақпанға қараған түні болған еді. Астана қаласының Сарыарқа ауданындағы Шыңғыстау көшесінде жер үй өртеніп, үйде қаперсіз ұйықтап жатқан бес бүлдіршін қайтыс болды. Балалардың үлкені 2006 жылы туған, ал ең кішісі бір жасқа да толмаған сәби болатын.