Нұрсұлтан Назарбаев 5 елдің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады
Астанаға енді келген елшілерге Елбасы Қазақстанның сыртқы саясат пен ішкі экономикадағы басты ұстанымдарын айтып берді. Ол – әлем тыныштығын сақтау және озық отыздықтың қатарында болу.
Вьетнам, Жапония, Хорватия, Чех Республикасы және Тәжікстан. Ақордаға өз өкілдерін жіберген елдердің тізімі осы. Бұл бесеудің қуаты мен қарымы бөлек, әлеуеті әртүрлі. Бірақ миссиясы ортақ, олар Қазақстанмен байланысты бекемдеуге мүдделі.
Астанадағы дипломатиялық миссиясына енді ғана кіріссе де Жапония елшісі Тацуxико Касаи қазақша тіл сындырып үлгеріпті. Елшінің бұлай ынта қойып кірісуі мен сый-құрмет білдіруі Елбасының назарынан тыс қалмаса керек.
Бірақ бұл жалғыз себеп емес, Қазақстан мен Жапония арасы жақындап келеді. Өткен жылы сауда айналымы 30% артып, 2 млрд доллардай болған.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз жапондық компаниялардың Қазақстан нарығына атсалысуына мүдделіміз. Оған барынша жағдай жасауға дайынбыз. Оған екі ел арасындағы тікелей әуе рейстерінің ашылуына тапсырма бердім.
Қазақстан мен Хорватия арасында тікелей әуе рейсі ашылады
Былтыр Астанада алғаш рет Хорватияның елшілігі ашылды. Ал Рефик Шабанович Хорватияның Қазақстандағы тұңғыш елшісі атанып отыр. Ол қазақ-хорват байланысын бекемдей түсуге кірісіп те кетті. Енді бір айдың ішінде қос ел арасында тікелей әуе рейсі ашылмақ.
Рефик Шабанович, Хорватия республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Биыл жыл соңына дейін елдеріміз арасындағы бірінші үкіметаралық комиссияның отырысын өткізуге тырысамыз. Сондай-ақ осы жылдың наурызынан қазақстандықтардың елімізге сапарлауы үшін виза бере бастаймыз және чартерлік рейстер ашылады деп үміттенеміз.
Дәл қазір әлемдік саясатта салқындық, мемлекетаралық қарым-қатынаста қайшылықтар басым тұста бізге дипломатия қажет. Қызметтеріне енді кіріскен елшілерге Елбасы Қазақстанның сыртқы саясат пен ішкі экономикадағы басты ұстанымдарын айтып берді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сіздердің қызметтеріңіз Қазақстандағы маңызды реформалардың жүзеге асырылу кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. Біздің 2050 жылға дейінгі бағдарламамызды орындау жөнінде жаппай жұмыс істеп жатырмыз. Ендігі мақсатымыз – әлемдегі дамушы 30 елдің қатарына қосылу. Қазақстанның келешегі заманауи технологияны жетік меңгерген өскелең ұрпақтың қолында. Біз сауатты, бүгінгі заманға сай ұрпақ тәрбиеледік. Осындай жас буын өкілдерін қолдау мақсатымен биылғы жыл Қазақстанда Жастар жылы деп жарияланды.
Елбасы елшілерді инвестиция тартуға шақырды
Президент елшілерді Қазақстанға инвестиция тартуға шақырды. Сондай-ақ оларға Қазақстанның сыртқы саясаттағы басты әрі негізгі қағидатын айтты. Ол – ядролық қарусыздану. Демек, әлем тыныштығы.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Халықаралық қатынастар саласында әлемдік жүйенің түбегейлі өзгеріске ұшырағаны баршаңызға мәлім. Жетекші ядролық мемлекеттер арасындағы текетірес әлем жұртшылығын алаңдатып отыр. Осы орайда орта және кіші қашықтықтағы зымырандарды жою туралы шарттың жою қаупін ерекше атап өткен жөн. Бейбітшілікті қалайтын елдер жаңа жаһандық апаттың болуына жол бермес үшін жұмыс істеуі қажет. Бұл біздің бүкіл адамзат алдындағы тарихи жауапкершілігіміз болып саналады. Қазақстан әлемдегі татулық пен бірлікті сақтауға әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Еліміздің БҰҰ ҚК Тұрақты емес мүшесі ретінде атқарған қызметі соның айқын дәлелі. Жаһан жұрты Қазақстанды ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы ретінде мойындап отыр. Биыл 29 тамызда Семей полигонында алғашқы ядролық сынақ өткізілгеніне 70 жыл толады. Біз бұл атаулы датаға ерекше мән береміз.
Елдестірмек елшіден
Батыспен бауырласпыз, шығыспен тамырласпыз. Қазақстан тәуелсіздік жылдарында әлемнің әр елімен байланыс орната білді. Енді бүгінгі бес елмен де саясатта серіктестік, дипломатияда достастық, сауда-саттықта өзара пайда ұстанымдары бойынша жұмыс жандана түспек.
Нгуен Тхи Хонг Оань, Вьетнам Социалистік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Мен үшін Қазақстанда жұмыс істеу үлкен мәртебе. Қазақстан мен Вьетнам арасындағы серіктестікті дамыта түсу қажет. Вьетнам туризм және білім саласындағы тәжірибесімен бөлісуге немесе инвестиция тартуға дайын.
Хайрулло Ибодзода, Тәжікстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Бауырлас Қазақстан жеріндегі елшілік қызметім барысында қос мемлекет арасындағы уағдаластықтарды орындауға және екі ел арасындағы тауар айналымын арттыруға бар күш-жігерімді саламын.
Сенім. Дәл қазір жаhан елдеріне ең қажеті осы. Қарым-қатынастың басты құралы дипломатиялық диалог десек, бұл істе елшілер ерекше ықыласты болуы тиіс. Бүгін Қазақстан Президентіне сенімxатын табыстаған елшілер сол зор жауапкершілікті Ақордадан арқалап шықты. Олардың ендігі миссиясы – артылған сенімге селкеу түсірмеу.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Азамат Сәметов