Биыл 4 мың арендалық баспана салынады
Ол жайлы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі мәлімдеді. Жеңіс Қасымбек «Нұрлы жер» бағдарламасы аясындағы көпбалалы отбасыларға берілетін жалдамалы баспана санын арттыруды ұсынды.
Айтуынша, Қазақстанда 28 мың көпбалалы жанұя жергілікті органдарда арендалық үй кезегінде тұр. Жалдау құны баспананың әр шаршы метріне 100 теңге. Яғни екі бөлмелі пәтердің орташа жалдау сомасы 8-10 мың теңге. Бұл – өте ыңғайлы баға.
Енді арендалық үйлер салуға бұрынғыдай 25 млрд емес, 35 млрд теңге бөлініп, 4 мың пәтер салу жоспарланып отыр. Оның 700-і көпбалалы отбасыларға, қалғаны мүгедек жандар, жетім балалар мен Ауған соғысының ардагерлеріне беріледі.
Жеңіс Қасымбек, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Біз көпбалалы отбасыларға қосымша пәтер салу үшін қаражат іздеп жатырмыз. Жылына 700 пәтер салынатын болса, олардың санын 2-3 есе көбейту керек. Мұндай ұсыныс біздің министрліктен болады. Екіншіден, «Нұрлы жер» бағдарламасына осындай отбасылар үшін арнайы бөлім қарастыру бойынша Үкіметте жұмыстар басталды.