Елордада Цифрлық армия күні аясында отандық өнертапқыштар көрмесі өтті
Қорғаныс саласының жұмысына теxнологиялық жетістіктер енгізілмек. Ол бойынша жоба жасап жатқан отандық өнертапқыштар да бар. Бірқатары көрмеде таныстырылды.
Ердәулет Байдуллаев, тілші:
- Қазақта «Жұмса жұдырығында, ашса алақандағыдай» деген сөз бар. Бұл ұғым бүгінгі IT жобаларға да тікелей қатысты. Мәселен, мына картаны алатын болсақ. Әскерилер әртүрлі операцияларды жүргізу кезінде қашықтықтан әскерилердің қай жерде орналасқаны, қайда бару керектігі сияқты маңызды тапсырмаларды жүзеге асыра алады.
Бағлан Қазиев, компанияның бас директоры:
- 500 мың шаршы шақырым аумаққа дейін көрсетеді. Онда түрлі асулардың биіктігі, таудан аққан су, әскерилердің жүруіне тиімді өткелдер нақты көрінеді. Осылайша қарсыластың әрекетін де бақылап отыра аласыз. Болашақта онлайн түрде жаттығулар жүргізуге болады.
Мынадай рация, радиостанция, планшет пен ноутбуктер әскерилердің қолданысында бұрыннан бар. Өнертапқыштардың ұсынып отырған жаңашылдығы сол, біз қазір WhatsApp желісінде кең қолданып жүрген түрлі чат пен өзге де топтардың баламасын жасапты. Оның көмегімен әскерилер өзара мәтіндік ақпараттарды, фото материалдарды бір мезетте көптеген адамға жібере алады.
Қуатбек Оспанов, инженер-технолог:
- Қанша адам қолданатынын өздері шешеді. 10, 20 немесе бір батальонға дейін. Қорғаныс жағына келсек, оның спутникпен еш қатысы жоқ. Тек қана радиосигналмен өздері пайдалана алады. Кодтары әр сағат сайын ауысады.
Ердәулет Байдуллаев, тілші:
- Мынандай көзілдіріктер қазір негізінен балалар ойынында қолданылып жүр. Мамандар оны түрлі құтқару операциялары кезінде де кәдеге жаратуға болатынын айтады. Мәселен, жауынгерлер тұтқындарды аман-есен алып шығу үшін осыны пайдалана алады. Яғни өздерінің әрекеттерін алдын ала бір жүріп өтеді. Мысалы, мен қазір жанармай бекетіндемін. Осылайша ғимараттың ішіндегі түрлі қиылыстар, жасырынуға болатын бұзақылардың орналасқан жерлері сияқты ең маңызды деректерді алдын ала біліп аламын. Демек, операцияның сәтті өтуіне мүмкіндік арта түсті деген сөз.
Асылзада Нәбиханқызы, инженер-бағдарламашы:
- Бір қабатты немесе көпқабатты ғимарат болсын, барлық жерде қолдана аламыз. Бізге дайын лазерлі сканерден алған ақпараттардың көмегімен алған базаларды жауынгерлер қажетті жұмыстарына қолдана алады.
Ердәулет Байдуллаев, тілші:
- Байланыс нашар жерде мынадай шағын, мобильді спутниктік кешендер қажетімізді өтейді. Бүгінгі көрмеде осыған ұқсас бас-аяғы 40 жоба таныстырылды. Ең қуаныштысы мұның бәрін қазақстандық жастар, отандық компаниялар ұсынып отыр. Олардың қолданысқа енгізілу жағы алдағы уақытта шешімін табатын болады.
Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Сұлтан Қалдыбеков