Жайық өзенінде балық азайып кетті
Теңіз балықтарының өрісі саналатын тұщы сулы өзендерде балық күрт азайған. Оны мамандар да жоққа шығармайды. Жайық – Каспий бассейніндегі су маржандарының тыныс-тіршілігін зерттеу мақсатында Атырау облысында балық қорғау инспекциясы ихтиологтармен бірге көктемгі балық жүрісін қадағалауды бастаған. Нәтижесі әзірге көңіл көншітпейді.
Әдетте ақпан айы теңіз балықтарының тұщы сулы өзендерге өрістейтін кезі. Алдымен қаракөз, табан, көксерке балықтары, соңын ала бекіре тұқымдастар Жайықты бойлап, өрге ұмтылады.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Бұл – Каспий теңізінен Жайық өзеніне балықтардың негізгі кіретін жолы. Осы араға ұзындығы 25 метр, көзі 70 мм-лік ау-құралдары құрылған. Оған ең ұсақ деген қаракөз балығынан бастап үлкен балықтарға дейін түсуі тиіс.
Алайда күткеніміздей болмады. Қатарластыра құрылған 5 аудың барлығы дерлік бос. Тек таркөзді ауға бар болғаны 3 балық шырмалыпты. Мұны балық шаруашылығында 25 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан кәнігі маман да түсіндіріп бере алмады.
Еламан Хабибуллин, Дамба инспекциясы бөлім басшысының міндетін атқарушы:
- Жаңа бір көксерке, бір табан, бір мөңке балығы шықты ғой. Аз шығу себебін мен дөп басып айта алмаймын. Бірақ енді су лас дейтін болсақ, тәуелсіз зертханалардың өткенде берген ақпараттары бар. Өзіміз жұмыста осы суды ішіп, шай қайнатамыз.
Өткен 20 күнде Жайықтан бар болғаны 9 тірі балық ауланыпты. Ал өткен жылдары бұл мезгілде балықшылар үшін қызыл қырман басталатын. Биыл баяу. Қазақстан балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары: «Ауланған балықтардың ағзасында қандай да бір аурудың белгісі жоқ», – дейді.
Мизам Абдошева, Балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ихтиологы:
- Бұл текесеріліп жатқан балықтардың ішкі құрылыстарының барлығы таза. Бауырлары да, қандары да таза. Сондықтан бұлар Жайыққа теңізден келіп кірген деп біз есептейміз.
Су таза, балықтардың ағзасында ауру белгісі байқалмайды. Бірақ балық жоқ. Дегенмен үміт бар. Себебі қысқы ұйқыдан енді оянған су маржандары биыл Жайыққа кеш шығуы да мүмкін. Сол себепті мамандар наурыз айында балықтардың қозғалысы жанданады деп күтеді.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев