Хабар телеарнасы

Елімізде лифтілердің сапасы сын көтермейді

Сондықтан тұрғындар: «Жазым болып қаламыз ба?», – деп алаңдайды. Тіпті кейбірінде лифтілер жұмыс жасамай қалған. Салдарынан жоғары қабатта тұратын азаматтар үшін мініп-түсу мұң болып тұр. Түйткілді мәселе шешіледі ме? Биыл бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылмақ?

Петропавлдық Илона Юнанова қаланың орталығында тұрады. 9-қабаттағы пәтеріне күніне кемінде 5-6 рет баспалдақпен түсіп көтеріледі. Осылай жүргеніне біраз жыл болды.

Илона Юнанова, Петропавл қаласының тұрғыны:

- Кешке жұмыстан шаршап келемін. Қолымда азық-түлікке толы сөмкем бар. Мұндай кезде ентігіп, әбден шаршап кетемін.

Ал лифтінің бүгінгі көрінісі осы. 90-шы жылдардың соңында істен шыққан. Содан бері әсіресе жоғарыда тұратын егде жастағылар үйде амалсыз қамалып отыр.

Лариса Мавлянова, ПИК төрайымы:

- Лифтінің жұмыс істемей тұрғанына 18 жылдай болды. Қызмет көрсету кәсіпорны тарап кеткен соң жағдай осылай болып қалды. Қазір барлығын жаңалау қажет. Ал оған шамамен 10 млн теңгеге жуық қаржы керек.

Қаладағы жеделсатылардың көбі ескіргенмен, олардың жұмысын тоқтату туралы шешім қабылдайтын мекеме жоқ. Бір ескерері, оқыс оқиға орын алса, сервистік компания жауап бермейді. Сондықтан тұрғындар: «Сақтық шараларына көңіл бөлінсе екен», – дейді.

Иван Косачёв, ПИК төрағасы:

- Осыдан 2 жарым жыл бұрын сараптама жұмыстарын тағайындап, лифтіні тексерттік. Ол үшін тұрғындар 800 мың теңге жинап берді. Ал құжат тек 3 жылға ғана арналған. Әкімдіктен қолдау болмаса, ертең тағы ақша жинауымызға тура келеді. Сондықтан биыл қандай да бір шара қолға алынса, жақсы болар еді.

Қалада қазір 338 лифті бар. Олардың әр үшіншісі 25 жылдан аса уақыт қызмет етіп келеді.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Лифтілердің сапасы сын көтермейді. Өздеріңіз көріп тұрғандай, іші лас, оның үстіне жарық шамдары да сынған. Мұнымен қоса тоқтап қалсаңыз, лифт жөндеушінің нөмірі де көрсетілмеген. Жалпы бүгінгі күні Петропавл қаласындағы 340-қа жуық лифтінің 100-ден астамын ауыстыру керек. Жағдайды әкімдік өкілдері биыл бақылауға алмақ.

Азамат Исахметов, қалалық Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің жетекшісі:

- Соңғы рет қалада 2014-2015 жылдары «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы бойынша лифтілер жөнделді. Бүгінде 178-і ауыстыруды талап етеді. Сондықтан жергілікті бюджеттен осыған қаржы бағыттайтын боламыз.

Ақтөбеде 300-ге жуық лифтіні жедел ауыстыру қажет. Олардың қызмет ету мерзімі өткен. Былтыр оқыс оқиға болып, жас келіншек көз жұмды. Сондықтан жергілікті бюджеттен 40 млн теңге бөлініп, 5-еуінің көтеру механизмі жаңартылды. Бұл соманы тұрғындар 7 жыл ішінде кейін қайтарулары тиіс. Биыл да тиісті жұмыстар жүргізілмек.

Асхат Душкенов, қалалық Жер қатынастары бөлімінің бас маманы:

- Биыл Ақтөбе қаласы бойынша 100 лифтіні ауыстыру жоспарда бар. Осы айдың ішінде қазіргі таңда 7 лифтіні ауыстыру жұмыстары басталып жатыр.

Ал Атырауда аталған мәселе алдағы екі жылда түбегейлі шешіледі. Бүгінде терможаңғырту бағдарламасы аясында лифтілер жөнделе бастады. Жергілікті бюджеттен 75 млн теңге бөлініп, 6 үйге жаңа лифт қойылды. Келешекте тағы 32 үйде жаңартылмақ.

Айдын Төреханов, қалалық ТКШ терможаңғырту бөлімінің басшысы:

- Атырау қаласына 32 лифт керек. Соның ішінде Алмагүл мөлтек ауданына 24 лифт қажет. Қалғаны қала бойынша.

«Қазір қаржы табылды. Сондықтан бірінші кезекте осы мәселені шешуге ден қойылады», – дейді жауапты мамандар.

Авторы: Самат Қайырденұлы