Қазақстанның астығы соңғы аптада қымбаттады
Солтүстік Қазақстан облысындағы ұн тарту кәсіпорындары өнімдерін шетелге экспорттай алмай отыр. Себебі өнім шығарғаннан шикізат, яғни бидай сатқан әлдеқайда тиімді. Теңсіздікті пайдаланған трейдерлер астықты шикі түрінде сыртқа жөнелтіп жатса керек. Осылай қазақ бидайын жаппай сатып алып жатқан Өзбекстан ұн шығарып, көршілес нарықты жаулап жатыр.
Вагондар бос. Өйткені шикізат тапшы. Диірмен кешені тоқтаудың аз-ақ алдында тұр. Қазір ұн үгу комбинаты соңғы өнімдерін Ресейге жөнелткелі жатыр.
Таисия Колегова, Ұн үгу комбинатының коммерциялық директоры:
- Астықтың бір тоннасы – 70 мың теңге. Оны өңдеп, шетелге экспорттау тиімсіз болып қалды. Бұлай жалғаса берсе, ертең өзімізге шикізат жетпей қалуы мүмкін. Салдарынан кәсіпорын жұмысын жарты жылға тоқтатуға тура келеді.
Осы күнге дейін диірменде жұмыс істеген 50 азамат қазір түрлі шаруаларға тартылған. Бұлай жалғаса берсе, кәсіпкерлер: «Шығынға белшеден батамыз ба?», – деп алаңдайды. Тығырыққа тірелген бизнесмендер ҚР Ауыл шаруашылығы және ҚР Ұлттық экономика министрліктеріне хат жазған.
Иса Аллахяров, Ұн үгу комбинатының бас директоры
- Біз 2017 жылы 38 мың тонна, ал 2018 жылы 17 мың тонна ұн жөнелттік. Былтырдың өзінде өндіріс көлемі 50% төмендеп кетті. Сондықтан бидайға баж салығын арттырса дейміз. Мемлекет осы мәселені қарастырып, баға саясаты реттелсе деген тілегіміз бар.
Қазіргі таңда Ауған елі ұнды көбіне Өзбекстаннан сатып алып жатыр. Өйткені соңғы жылдары ала тақиялы ағайындар өздерінде диірмен кешендерін көптеп салып, бәсекелестік туғызды.
Евгений Ган, Қазақстан астық өндірушілері одағының президенті:
- Бұрындары біз тек Тәжікстанға 700 мың тоннаға дейін ұн экспорттайтын едік. Қазір бұл көрсеткіш бірнеше есеге азайып кетті. Оның үстіне қазір бұл мемлекет бір миллион тонна астық импорттайды. Бұлай жалғаса берсе, жағдайымыз қиындап кетуі мүмкін.
Қуандық Шакубаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Мәселені шешу үшін осы салада жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қолдау көрсету қажет. Атап айтқанда теміржол тасымалы мен өңдеу кәсіпорындарының шығынын жабу үшін субсидия қарастырылса.
Айта кету қажет, қазіргі таңда елімізде 250-ден астам диірмен кешені бар. Егер де жағдай реттелмесе, әрбір төртінші кәсіпорын өз жұмысын тоқтатауы мүмкін.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев