Хабар телеарнасы

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы арқылы 43 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды

Қазірдің өзінде онлайн құжат 16 млн отандасымызда бар. Нәтижесінде емханалардағы адам кезегі екі есе қысқарған. Цифрландырудың игілігі бұл ғана емес. Барлық салада жақсы жетістік бар. Үкімет отырысында цифрландырудың нәтижесі айтылды. Бұдан бөлек жеңілдетілген автонесие мен биыл берілетін тұрғын үйлер туралы да баяндалды.

Айбар Төлжанұлы, тілші:

- Ежелгінің қиялы бүгін телефонда ұялы. Бұрынғы заманда ұшатын кілем мен жүйіткитін темір тұлпарлар тек аңыз-ертегілерде айтылса, қазір күнде көріп жүрміз. Заманның һәм адамның мұндай игілігін бір сөзбен «цифрландыру» деп айтамыз. Бізде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бекітілген. Ол арқылы барлық салада алысты жақындатып, қиынды оңтайландырып, ұзақты қысқартып, шығынды азайтудың амалын жасауымыз керек. Жасалып та жатыр. Қарапайым ғана мысал: e-gov.kz порталы. Біраз анықтамалар мен қажетті құжаттарымызды осы арадан алып отырмыз. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев цифрландырудың арқасында қанша теңге үнемдеп отырғанымызды да айтып берді.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

- 2018 жылы 20 іс-шараны жүзеге асыру жоспарланған болатын. Сол жоспарға сай жұмыстар толық орындалды. Жалпы 2018 жылы іске асырылған цифрлық шаралар қазірдің өзінде елімізге 218 млрд теңгеден астам экономикалық пайда әкелген екен. Цифрландыру есебінен құрылған жаңа жұмыс орындарының саны 43 мың адамнан асады.

 

Жыл соңына дейін 416 маршрут іске қосылады

Сыр бойынан арқадағы туысы мен батыстағы жекжатына, шығыстағы құдасына жолаушылап жүрген ағайынға да жағымды жаңалық. Жыл соңына дейін облысаралық және халықаралық бағытта 416 маршрут қосылады. Ал алдағы екі жылда 6,5 шақырым жол ақылы болады. Бұл дегеніңіз – тақтайдай теп-тегіс жолмен жүйіткиміз деген сөз. Осылайша алыс-беріс пен барыс-келіс бұрынғыдан да арта түседі.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Жалпы 21 жылға қарай жалпы ұзақтығы 6,5 шақырым болатын 16 учаскеге ақы алу жүйесін енгізу жоспарлануда. Сондай-ақ «ҚТЖ» компаниясы мобильді диагностикалық құралдарды енгізу жобасын іске асыруда. Осының нәтижесінде барлық магистральдік желінің диагностикасы 180 күннің орнына 15 күнде жүзеге асырылатын болады.

 

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 28 млрд теңге бөлінеді

Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 28 млрд теңге бөлінеді. Ол ақша банк салымшыларына үй алу үшін жылдық мөлшерлемесі 5% несие беріледі.

Айдар Әріпханов, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы:

- Осы қаражат есебінен халыққа 3,1 мың қарыз беру жоспарлануда. Қаражат ағымдағы жылы толық игерілетін болады. Сонымен қатар республикалық бюджет туралы заңмен 2019 жылы Қазақстан Даму Банкіне сомасы 10 млрд теңге бюджеттік кредит беру көзделген.

 

Биыл қолжетімді автонесиеге 10 млрд теңге бөлу көзделген

Бұл 10 млрд теңге қазақстандық автокөлікті және арнайы мақсаттағы автотехникаларды несиеге алу үшін жұмсалады. Осылайша 18 айдың ішінде 8 939 дана автокөлік сатылмақ.

Авторлары: Айбар Төлжанұлы, Әлібек Әлиев