«7-20-25» бағдарламасы: Құрылыс көбейіп, қызығушылық артуда
Алматы облысының Қарасай ауданында оған 222 азаматтан өтініш қабылданып, құжаттары екінші деңгейлі банктерге жіберілген. Қазір аудан орталығындағы екі тұрғын үй кешенінің құрылысы қызу жүріп жатыр.
Қаскелең қаласындағы Қарлығаш ықшам ауданында «7-20-25» бағдарламасымен көпқабатты 31 үй салынбақ. Бүгінде он шақты үйдің қабырғасы қаланып, алғашқылары пайдалануға беріле бастаған. Ал 97 отбасы жаңа пәтердің кілтін алып, жайғасып та үлгерген.
Әнел Сарқұлова, Қаскелең қаласының тұрғыны:
- Үш қызымыз бар. Үш бөлмелі пәтер алдық. Кең, жарық. Өзімізге керемет ұнайды. Осындай бағдарлама жасалып, жастарға мол мүмкіндік туып жатқанына рахмет дегім келеді.
Бір және екі бөлмелі пәтерлерге сұраныс көптеу. Өйткені есеп айырысу жеңіл болады. Мәселен, 2 бөлмелі пәтерге ай сайын 57 мың теңге төлеу керек. «Бұл орташа күнкөрістегі отбасылар үшін аса көп салмақ салмайды», – дейді сату бөліміндегі мамандар.
Тілеуқабыл Мыңжасар, тілші:
- Тоғыз қабаттан тұратын мына үй ортада орналасқан. Мұның айналасында 7 қабатты бірнеше үй болады. Бұл үйдің бірінші қабаты коммерциялық құрылымдарға беріледі. Яғни мұнда халыққа қызмет ететін бірнеше нысан жұмыс істейтін болады.
Жалпы бұл бағдарламаға қызығушылықты көбейткен – бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтіндердің бастапқы 20% жарнасының жартысына мемлекеттік субсидияның берілуі. Жаңа жоспар бойынша Қарасай ауданында таяу жылдары бірнеше ықшам аудан бой көтеріп, 200-ден астам көпқабатты үйлер мен таунхаустар салынбақ.
Жандарбек Далабаев, Қарасай ауданының әкімі:
- Сонымен қатар Өмірұзақ ықшам ауданы бар. Сол ықшам ауданда қазір 136 үй салынады. Ол 544 отбасыға беріледі деген жоспарымыз бар.
Бүгінде Алматы облысында «7-20-25» бағдарламасы бойынша 26 аймақ анықталды. Онда салынатын үйлердің жалпы көлемі 4 млн шаршы метрден асады. Соның 2,5 млн шаршы метрі 2025 жылға дейін пайдалануға беріледі. Сөйтіп 103 мың 700 отбасы қоныстойын тойлайды.
Авторлары: Тілеуқабыл Мыңжасар, Қуаныш Түргенбаев