Түркістандық көпбалалы отбасы білім саласының дамуына үлес қосып отыр
Енді бөбекжайдың жанынан мектеп салмақшы.
Бақдәулет Бекәлиевтің жекеменшік колледж ашып, жұмыс істеп жатқанына 13 жыл болыпты. Заң ғылымдарының кандидаты бар білгенін шәкірттеріне үйретуден жалыққан емес. Бүгінде гуманитарлық бағытта білім беретін оқу орнында 225 бала 7 мамандық бойынша оқып жатыр.
Бақдәулет Бекәлиев, колледж директоры:
- Білім саласына байланысты Үкімет тарапынан берілген Елбасымыздың жаңа бағдарламаларын қолдана отырып, өз жұмысымызды бастадық. Соның арқасында мекемелер, жұмыс орындарын ашып, халықты жұмыспен қамтып, 60-тан астам азаматқа жұмыс беріп, айлық төлеп, жұмысымызды жаңа белеске көтеруге жаңа мүмкіндіктерді қолданып жатырмыз. Қазіргі кезде ешқандай мұқтаждығымыз жоқ.
Зайыбы Шолпан Бекәлиева да білім саласында еңбек етеді. Жолдасы екеуі ақылдаса келе балабақша ашуды қолға алған. Көпбалалы ана өз балаларын балабақшаға бере алмай, берсе де жұмыс арасында жүгіріп барып, үйіне отырғызып кетіп, көңілі алаң кездері көп болғанын айтады.
Шолпан Бекәлиева, балабақша меңгерушісі:
- Өзіміз жұмыс істеген кезде балабақша болмаған. Сол уақытта әр баланы мектепке, балабақшаға апарып, әкеліп қиналғанымыз бар. Біріншіден бала-шағамызға, одан кейін осы тұрғындарға қызмет етуге ашып отырмыз. Заманауи талаптарға сай, 48 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. 250 тәрбиеленушіміз бар.
Бекәлиевтардың отбасында екі қыз, үш ұл өсіп келеді. Үлкені Жанель мектепті үздік бітірген. Қазір Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінде оқиды. Екінші ұлы Жаһаргер де дарынды балалардың қатарында. Жақында ғана Астанада өткен республикалық олимпиададан жүлдегер боп оралды.
Шоқан Көленов, қалалық білім бөлімінің бас маманы:
- Қазіргі таңда көпбалалы ана ретінде аталып отыр. Бұл кісілердің білім саласына қосып отырған үлесі көп. Жеке колледж, балабақша ашып, көптеген адамға жұмыс беріп, қаржылай көмек беріп отыр.
Көпбалалы отбасының ендігі арманы – балабақшаның жанынан мектеп ашу. Жұмыс істеймін деген адамға мемлекеттің ұсынған барлық мүмкіндігін пайдаланып, жаңа жұмыс орындарын құру.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш