Қостанайда жас қыз жылқы өсірумен айналысады
Ер қыздың еңбегіне әу баста еріккен деп күліп, күмәнданғандар да болыпты. Алайда қайсар қыз жыл ішінде жылқы басын көбейтіп алған. Гүлназ Кокиева тәрізді былтыр өңірде 1000-нан астам азамат шағын несие алыпты. Оның басым көпшілігі ауылды жерде кәсіп ашуға тәуекел еткен.
Қымбат Кокиеваның мамандығы – қаржыгер. Аз уақыт мемлекеттік қызметте істеген. Бірақ жеке ісін ашуды мақсат еткен жалынды жас жылы орнын суытып, кәсіпкерлікпен айналысуға бел буған. Жеңіл-желпі бизнес емес, ер азаматтардың жүрегі дауалай бермейтін жылқы өсіруді қолға алған.
Қымбат Кокиева, кәсіпкер:
- Алдымен кәсіпкерлік курсында оқыдым. Сосын мемлекеттік бағдарламамен несие алып, 10 бас жылқы сатып алдым. Былтыр бие байлап, аздап қымыз саттық.
Қымбаттың ісін әншейін әуестік деуге келмес. «Өйткені жылқыға үш-төрт жыл тиіспей, өз төлінен көбейтемін», – деп отыр. Ал қысқы тебінде, жазғы жайылым кезінде туған ағалары көмектеседі екен.
Қымбат Кокиева, кәсіпкер:
- Бұл кәсіпті неге таңдадым? Біз отбасымызбен бала кезден мал бағып, жем-шөбін дайындап үйренгенбіз. Сондықтан жылқы маған таңсық емес. Әке-шешем ақыл-кеңес беріп отырады.
Жалпы Қостанай ауданы бойынша былтыр 123 адам 511 млн теңге шағын несие алған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есеге жуық көп қаржы екен. Жеңілдікпен жеке ісін бастағандардың дені – жастар.
Жадыра Ермекбаева, Қостанай аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы:
- Негізінен шағын несие алушылар мал шаруашылығымен айналысады. Сүт, ет өндіреді. Сондай-ақ жүк, жолаушылар тасымалымен айналысатындар да бар. Бизнес идеяларды іске асыруға былтыр 7 грантқа 1 млн 684 мың теңге бөлінгенін айта кеткен жөн. Ал биыл Қостанай ауданы бойынша 86 адамға 400 млн теңгеден артық шағын несие беру жоспарлануда.
Қымбат Кокиева кәсібін әлі де кеңейте түспек. Жақында ол аудан орталығынан ет өнімдерін сататын дүкен ашты.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг