Жамбыл облысында құрылыс нормаларын бұзған компанияларға айыппұл салынды
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2016 жылы салынған Арай-2 алқабындағы үйлердің үш жыл жай тұрып, тозығы шыққан. Көп күтіп, ақыры кілтін алған азаматтар жаңа үйлерін жамаумен әуре болып, баспанасына кіре алмай жүр. Жалпы Жамбыл облысында былтыр құрылыс нормаларын бұзған мердігер компанияларға қатысты 168 әкімшілік іс қозғалып, 28 млн теңге айыппұл салыныпты.
Зарина Ибрагимова сапасыз құрылыстың салдарынан бір жылдан бері жаңа қонысына көше алмай жүр. Бір бөлмелі пәтерге айына 33 мың теңгеден төлейді. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 18 жыл жалға алған үйінің қабырғасына сызат түсіп, төбесі құлаған. Мұндай сорақылықты 7 үй тұрғындарының барлығы басынан өткізіп, көптің көңіліне қаяу түсіп отыр.
Әйгерім Қоңырбаева, Тараз қаласының тұрғыны:
- Үйдің сапасы өте төмен. Мысалы, біз бірінші алғанмен бірден төбесінің барлығы түсіп қалды.
Гүлмира Жуатова, Тараз қаласының тұрғыны:
- Маған ас үй, қонақ бөлме мен дәретхананы жөндеп беру керек. Одан кейін істеп бергендерінің барлығы түсіп тұр. Не қабырғаға жиһаз, не теледидар іле алмаймыз шындығына келгенде.
Тағы бір тұрғын Берік Иманалиев мемлекеттік бағдарлама арқылы жалға алған пәтерін өз қаражатына жамап-жасқаумен әлек. Бөлмелердің қабырғаларына тым жұқа құрылыс материалын пайдаланғандықтан, үй жиһазын да іле алмайды.
Берік Иманалиев, Тараз қаласының тұрғыны:
- Ешқандай ілінбейді, бұған телевизор қойсаң да, ары жағынан тесіп, кәдімгі шуруптарға болтпен қоймасаң, стенкалары жұқа, қабырғалары пеноплекстен ұра салған.
Ал осы құрылысқа жауапты мердігер компания кемшіліктер кеткенін мойындап отыр. Қазіргі таңда олар өз қаражатына пәтерлерге қайта жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Досымжан Құдасбек, мердігер компанияның инженері:
- Ондай олқылық болды. Енді оны шешіп жатырмыз. Мысалы, 80 пәтердің 20 шақтысында сондай болып тұр. Сол 20 үйдің жартысынан көбін жөндеуден өткізіп қойдық.
Берекесі қашқан баспана тұрғындарының жанайқайына әзірге құлақ асар құзырлы орган табылмай отыр. Ал облыстық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы айыппұл салудан арыға бара алар емес.
Қанат Айтқұлов, облыстық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы:
- Өткен жылы 168 іс қозғалды. Әкімшілік істер қозғалып, 27 млн теңгеге айыппұл салынды. Жамбыл облысы бойынша құрылыс жұмыстары барысында кеткен кемшіліктерді ескере келе, айыппұл салынған.
Биыл облыста «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 27 тұрғын үй тапсырылуы тиіс. Оның 21-і – несиелік, алтауы арендалық баспаналар. Жыл басынан бері құрылыс нормаларын өрескел бұзған компаниялар үстінен 30-дан аса заңбұзушылық тіркеліп, айыппұлдар салынған. Ал «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы баспана алған 7-үйдің тұрғындары: «Пәтерлерін қайта қалпына келтіріп бермесе, тиісті органдарға арыз жазып шағымданамыз», – деп отыр.
Авторлары: Қырмызы Жексенбек, Бахытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә