Жас математик жүздеген баланың жеңіске жетуіне ықпал ете алады
Бұл білім шаңырағы математика пәні бойынша халықаралық олимпиадаларда жүлдемен оралған мыңдаған жеңімпазды дайындап келеді.
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына Асан Жолдасов туралы мәліметтерді «Пифагор» мектебі оқушыларының ата-аналары жіберіпті. Өзге пәндерден гөрі математиканы сүйіп оқыған Асан бала күнінде алғашқы олимпиада жарыстарында жолы болмапты. «Жеңгенімнен жеңілгенім көп болды», – дейді ол. Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебіне де бірінші сынақтан түсе алмай, кейін олимпиада жеңімпазы болып оқуға қабылданады. Кейін ол бірнеше халықаралық олимпиада мен жарыстардың алтын, күміс жүлдегері атанады.
Асан Жолдасов, «Пифагор» қосымша білім беру мектебінің негізін қалаушы:
- «Пифагор» мектебін ашқан кезде мен 19 жастамын, қатты максималист болатынмын. Сол максималистік мінез-құлқымның арқасында өз өмірімде болған қиыншылықтарды, жеңілістерді жеңе біліп, сол тәжірибемді балаларға да үйреткім келді. Екіншіден өзімнің мақсатым – білім беру арқылы Қазақстанға жақсы бір нәтиже алып келу.
Асан Жолдасов – IT саласының маманы. Бірақ ол ұстаз болуды таңдапты. Жас математиктің есебі бойынша ол бір сағатта жүздеген баланың өмірге деген көзқарасын өзгертіп, жеңіске жетуіне ықпал ете алады.
Гүлжайна Мәдібекова, «Пифагор» қосымша білім беру мектебінің Алматы қ. бойынша атқарушы директоры:
- Асан Кенжеғазыұлы – өте еңбекқор адам. Оның ең жақсы бір қасиеттері, ол адамның бойынан потенциал көретін болса, сол адамды өсіру үшін қолынан келгенінің бәрін жасайды.
Асан Жолдасовтың алдағы мақсаты – еліміздегі математика ғылымын әлемдік деңгейге көтеруге өз үлесін қосу.
Авторлары: Алуа Маханбет, Мұхит Құдықбаев