ШҚО-да 74 елді мекенді су басуы мүмкін
Бұл негізінен Қатонқарағай, Бесқарағай, Шемонаиха, Барадулиха, Алтай аудандарындағы ауылдар. Өскемен мен Семей және Риддер қалалары да қауіпті аймақтар қатарында. Сондықтан тасқынға тосқын шараларын күшейту үшін облыс бойынша 6 жұмыс тобы құрылды. Ал атқарушы билікті аймақтағы гидротехникалық нысандардың жағдайы алаңдатуда. Бүгінде өңірде ірілі-ұсақты 222 су қоймасы бар. Облыстың коммуналдық меншігіндегі 66 бөгеттің 15-ін жөндеу қажет. Қауіпті деген 5 бөгеттің суын өткен күзде ағызып жіберген. Олар – Глубокое және Көкпекті аудандарында жарты ғасыр бұрын салынған ең үлкен тоғандар. Ал ескі бөгеттерді жөндеу үшін 267 млн теңге қажет.
Мұрат Құсаинов, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы:
- Көктемдегі су тасқынынан кейін қандай жағдайлар болады? Оны тексеру жұмыстары басталады. Әрі қарай да қосылатын шығар деп ойлаймыз. Оған да облыстан бюджет қарастырамыз.
Жадыра Аманғалиқызы, облыстық ТЖД баспасөз қызметінің өкілі:
- Күштер мен құралдар барлығы дайындыққа келтірілген. 6 мобильді топ құрылған. Жеке құрамнан 1000 шақты адам, 300-дей көмекші құрал, 60 шақты жүзу құралы дайындыққа келтірілген.