Саясаттанушылар: Үкімет жариялы түрде жұмыс істеуі керек
Үкімет халықпен тығыз байланыста болу үшін жариялы түрде жұмыс істесін. Арнамызға сұхбат берген бір топ саясаттанушы осыны айтты. Саясаттанушылар тағы қандай пікірлерін ортаға салды?
Ең алдымен жариялық керек. Ашықтық болмағандықтан, талай «жабулы қазан жабулы күйінде» қалды. Әр министр жылдың соңында міндетті болғаны үшін ғана есеп бермей, жылына кем дегенде 1-2 рет халық алдына шығуы тиіс. Атқарылған жұмыстардың құр санын ғана емес, нақты қаншалықты пайдасы тигенін де жарияласын.
Сонымен біздегі ең төменгі жалақы, ең төменгі күнкөріс деңгейі деген көрсеткіштер шынында да азаматтардың кәдесіне жарап жатыр ма? Әлде бұл да есеп беру үшін жасалған құрғақ сандар ма? Бұл әлеуметтік көрсеткіштердің баяндамаларда айтылған нәтижесі мен шынайы өмірдегі нәтижесі жер мен көктей. Жаңа леппен жұмысқа кірісетін Үкімет әуелі осы әлеуметтік көрсеткіштерді қайта қарап, жаңадан жүйелі жұмыс тәртібін енгізсін. Бұл – саясаттанушы Рүстем Қадыржановтың айтқаны.
Рүстем Қадыржанов, саясаттанушы, философия ғылымдарының докторы:
- Бізде әлеуметтік саясат бар. Алайда айтылғандары шынайы өмірдегі фактілермен қабыспайды. Ең төменгі күнкөріс деңгейі мен ең төменгі жалақыны тек шынайы өмірдегі факторлармен анықтау керек. Біздегі бұл әлеуметтік көрсеткіштердің сомасы төмен. Сондықтан азаматтар жатпай-тұрмай қосымша жұмыс істейді. Бала-шағасы бағу үшін кез келген жұмысқа барады. Бұл мәселені түбінен қайта қарау керек.
Жалақы алады, онысы шай-тамағынан артылмайды. Қосымша жұмыстан тапқаны пәтерақы мен киім-кешекке кетеді. Бала-шағасы, жүріп-тұруы бар, бағамдай беріңіз. Рүстем Қадыржанов: «Елдегі орташа жалақыны да жағымды статистика үшін емес, шынайысын есептеу керек», – дейді. Үкіметтің атқаратын жұмыстары патернализм, яғни бәрін Үкімет істесін, «алма піс, аузыма түс» деген сөз емес. Бұл төлемдер шынайы әлеуметтік көмекке зәру азаматтарға көрсетілуі міндет.
Ал экономист Дәрмен Сәдуақасов: «Бизнеске қаржылық қолдауды түбегейлі өзгертіп, тиімдісін ғана енгізу керек», – дейді.
Дәрмен Сәдуақасов, экономист:
- Менің пікірімше екінші деңгейлі банктер бизнеске беретін несиелерінің ставкалары мен мерзімін қайта қарау керек. Өйткені банк ұзақ мерзімге несие бермейді. Ал ставкасы жоғары несие керісінше құрдымға кетіреді. Бизнес экономиканы алға тартсын десек, қаржылық қолдауды да барынша тиімді қылуымыз керек. Инвестиция тарту мәселесін де жаңа құрылған Үкімет жаңадан қарайды деп сенемін.
Аузы дуалы сарапшылардың айтқанын өз құлағыңызбен тыңдадыңыз. Енді әліптің артын бағып, игі істердің іске асуын күтеміз.
Авторы: Айбар Төлжанұлы