Хабар телеарнасы

Көпбалалы отбасыларға әр балаға кемінде 20 789 теңге жәрдемақы беріледі

Аналарға құрмет – бәрімізге міндет.

Nur Otan партиясының съезін Мемлекет басшысы аналардың жағдайынан бастады. Үкіметке көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған, асыраушысынан айырылған аналарға барлық көмекті жасауды міндеттеді. «Көпбалалы отбасылардағы әр балаға кемінде 20 789 теңге төленсін», – деді. Аналар құжаттарын рәсімдеуде, жан-жаққа шапқылап сандалмау үшін де барлық жағдай жасалады. Тағы қандай игі істер іске аспақ?

Енді әлеуметтік аз қамтылған көпбалалы отбасылардың әр баласына кемінде 20 789 теңге жәрдемақы беріледі. Екіншіден, мүгедек баланы асырап отырған ананың жәрдемақысы 30% өседі. Бұл әлеуметтік көмектерді алу үшін онсыз да күйбең тірлікпен жүрген аналарды ары-бері шапқылатпай, керекті құжаттарын жылдам рәсімдеу міндет. Үшіншіден, асыраушысы жоқ аналарға үйден жұмыс істеуге жағдай жасалады. Ал ауылды жерлердегі көпбалалы отабсыларға микрокредиттер мен гранттар берілмек. «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында іске асатын бұл жұмыстарға әкімдер жауапты. Барлығы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында.

Түркістандық Аманқыз Өмешова – алты ұл мен үш қыздың анасы. Бесеуі мектепке барады. Тұрақты жұмыс істемегендіктен отағасы әр кезде әркімге барып жалданса, өзі еден жуып ақша табады. Барына шүкір етіп отырған отбасы: «Бәрін Үкімет істеп берсін», – демейді. Тек алатын жәрдемақыларының тағы көбейетініне бек қуанышты.

Аманқыз Өмешова, көпбалалы ана:

- Бұрын 16 500 теңге жәрдемақы алатынбыз. Қазір Елбасымыздың Жарлығы бойынша бала басына 21 мыңнан төлейді. Естіп, қуанып жатырмыз. Бұл – көпбалалы аналар үшін үлкен көмек.

Ақмарал Көкішеваның тұңғышы – туғанынан мүгедек. Жұлынына зақым келген 8 жасар Жанайымға кейін дәрігерлер бірнеше диагноз қойып отыр. Оны емдету үшін ай сайын қыруар қаражат керек. Ал жалғызбасты анаға бұл ауыр соғып отыр. Ақмаралға бүгінгі жаңалық іздегенге сұраған болып тұр. Жәрдемақының өскеніне өте қуанышты.

Ақмарал Көкішева, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Күтіп, қуанып отырмыз. Өте үлкен көмек болды. Өйткені бір балада бірнеше ауру бар. Бір диагноз ғана емес. Әрқайсысын емдеуге қаншама ақша керек, дәрінің бағасы да қымбат.

Ертіс өңірінде 4 мыңға жуық көпбалалы отбасы бар

Анастасия Антонова өткен күндерін егіле еске алады. Жолдасының көзі тірісінде балаларының қарны тоқ, көйлегі көк болатын. Қазір бес баласын асырап, оқытып-тоқыту тек өзінің мойнында. Баспана жалдап тұрады. Елбасының айтқандарын естіп, келер күнге деген сенімі одан сайын арта түсті.

Анастасия Антонова, көпбалалы ана:

- Көпбалалы отбасыларға көмек аздық етпейді. Мемлекеттің қамқорлығын көріп отырмын. Әлеуметтік жәрдемақы аламын. Енді жәрдемақының 21 мың теңгеге өсетінін естіп, қуандық. Баспана мәселесі де біртіндеп шешілмек. Мен көпбалалы ана ретінде тұрғын үй кезегінде тұрмын. Баршамызды алаңдатқан мәселенің түйіні тарқаса, бізден бақытты жан болмайды.

Владимир Антонов, оқушы:

- Анам жаңалықты естіп, жайнап кетті. Біз де марқайып қалдық. Анамыздың үмітін ақтауғы тырысып бағамыз. Екі сіңілім мен өзім сабақты жақсы оқуға тырысамыз.

Бауыр еті балалары да мәз. Президентіміздің үнемі айтатыны да осы: «Жәрдемақыны шынымен зәру жандар алсын»! Енді Елбасының айтқанын екі етпей істейтін Үкімет мүшелері мен әкімдерге бұл жолы да міндет көп. Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы атқарушы органдардың салғырттығынан талай отбасы өзіне тиесілі жәрдемақыларын алмағанын айтқан болатын. Енді мұндайға мүлде жол берілмейді. Съезде де әуелі аналарға көмектен бастады. Айтуындай айтты, нақты жоспары мен тапсырмасын берді.

Nur Otan – алып партия. Кез келген мәселені алып та жығады, шалып та жығады. Баланы болашағымыз десек, аналар – сол болашақтың негізін қалаушылар. Әлемнің жарығын сыйлаған асыл жандарға жәрдемақы болсын, өзгесі болсын, не берсек те жарасады. Аналарға құрмет – бәрімізге міндет.

Авторы: Айбар Төлжанұлы