«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 86 мыңнан астам жұмыс орны ашылды
Өйткені мемлекетке түсірген кірісі мен елге тигізген пайдасы көп. Көлік инфрақұрылымы жақсарып, республикалық автомобиль жолдары, магистральдық теміржол желілері мен логистикалық инфрақұрылымның өткізу қабілеті арта түсті. Өткен жылы көлік қызметтері 4,6%, еңбек өнімділігі 3,4% өсті. Тек республикалық қана емес, ауылды жерлерге де сапалы асфальт төселеді.
Үкімет отырысында «Нұрлы жол» бағдарламасының бірінші кезеңі қорытындыланды.
«Нұрлы жол» бағдарламасының жұмысы әуелі жолдан басталғанын білеміз. Бағдарлама іске асқалы 8 мың шақырым асфальт төселіпті. Семей мен Қостанай әуежайының ұшу-қону жолағы жаңартылып, 928 шақырым теміржол жөнделген. Игілігін халық көріп отыр. Тақтайдай тегіс жолдармен жүйткиміз, алыстағы ағайынға пойыз болса пойызбен, болмаса ұшып барамыз. Енді екі есе арзан бағамен ұшатын күн де алыс емес, өйткені көп ұзамай Fly Arystan ұлттық авиакомпаниясы жұмысқа кіріседі.
Роман Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұңғыш ұлттық бюджеті төмен Fly Arystan авиакомпаниясын іске қосу жоспарлануда. Бірінші жылы Air Astana авиакомпаниясымен салыстырғанда 1 миллионға жуық жолаушыны 2 есе төмен бағамен тасымалдау жоспарланған.
«Судың да сұрауы бар» дейміз. «Нұрлы жол» суды да, жылуды да беріп отыр. Осы уақытқа дейін 3 259 шақырым жылу және су тарту желілері, сондай-ақ 24 қазандық салынып, нәтижесінде тат басып, шіріп жатқан біраз құбыр жаңарып қалды. Оның бәрі көзге көріне бермейді әрине. Бірақ соның арқасында қыста тоңбай, жылы сумен жуынып, таза су ішіп отырмыз. Су тарту жұмыстары әлі де жүргізіледі.
Енді алдағы 5 жылда қала халқы 100% орталықтандырылған су жүйесімен қамтылады. Ауылды жерлерге таза ауызсу тарту жұмыстары жалғасады. Премьер-Министр Асқар Мамин мемлекеттік органдарға осы жұмыс қарқынын тоқтатпауды тапсырды.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Бағдарламаның аса маңызды міндеті – халықтың тұрмыс сапасын арттыру. Жаңа жолдар салу жүк тасымалдау кезінде бизнес үшін көліктік шығындарды кемінде 15% қысқартуға мүмкіндік береді. Жалпы «Нұрлы жол» бағдарламасының орны ерекше. Өткен жылдың өзінде ғана 86 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Биыл тағы 54 мың жұмыс орнын құру жоспарда бар. Бағдарламаны іске асыру елдің көлік әлеуетін іске асыруға үлкен серпін берді. Өткен жылда транзиттен түскен кіріс 1,5 млрд долларды құрады.
Миллиардтарға салынған жолдан миллиардтаған доллар пайда түскен. «Нұрлы жол» жолдан ғана емес, басқа да саладан мемлекетке кіріс әкеледі. Әуелдегі түп мақсат та осы: халыққа сапалы жол, сапалы инфрақұрылым тарту. Бағдарламаның бірінші кезеңі сәтті аяқталды. Былтыр бөлінген 437,2 млрд теңге толық игерілді.
Биыл бөлінетін қаржы бұдан 20% көп. Мемлекеттік бағдарлама Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Бастысы – жемісті еңбек, игілік.
Авторлары: Айбар Төлжанұлы, Айбын Құсанбеков