Қарапайым заттар экономикасы: Импортты азайту
Үкімет отырысында бұл мәселе қаралды және сала министрі Роман Скляр бірқатар ұсыныс айтты. Оның айтуынша, әр сала бойынша жеке Жол картасын әзірлеген дұрыс. Яғни жеңіл өнеркәсіп, жиһаз және құрылыс материалдарын көбейту үшін оларды бір салаға тығып тастамай, жеке дара дамыту қажет. Сонымен не айтылды, не істеледі?
Астанадағы бұл шағын кәсіпорын айына 600-700 дана былғары белдік шығарады. Шикізат Ресейдікі. Мыңғырған малымыз бола тұра, мал терісінен белбеу жасап шығаратын жағдайға әлі жеткен жоқпыз. Себебі салғырттық басым, өңдейтін зауыт аз.
Жәнібек Сәрсенбаев, кәсіпкер:
- Малға қарау керек. Екпе жасайды, терісіне қарайды. Малды сойып, зауытқа жібереді. Бізде оған қарамайды. Тіліп-тіліп тастайды да, Қытайға жинап-жинап жібереді. Ал Қытайға бәрібір.
Егер Қазақстанда қарапайым заттар экономикасы дамыса, импорттың үлесін 37% қысқартуға болады. Үкіметте осындай үмітке толы көрсеткіштер айтылды. Сонда оны дамытуға не тұсау? Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың айтуынша, бізде жүн түтілмейді, тері иленбейді, мақтадан жіп иірілмейді.
Роман Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Қазір Қазақстанда қылшық жүнді өндіріс қана дамыған. Одан киіз ғана жасап шығарылады. Ал пальто, костюм жасап шығару үшін биязы жүн өндірісі керек. Оның көлемі бізде өте аз. Сондықтан алдағы қысқа мерзімде бұл шикізат шеттен тасымалданатын болады. Уақыт өте келе биязы жүн өндірісін жолға қоямыз. Ал тері бойынша айтар болсақ, оны жинап, тапсырып, өңдеп, сосын қажетті дайын өнім шығару ісін бір жүйеге келтіреміз. Киім тігуге мақтаны әзірге шеттен тасымалдауға тура келеді, көп ұзамай мақта өндірісін мемлекет қолдайтын болады.
Қарапайым заттарды шығару үшін бөлінген 400 млрд теңге ақпан айынан бастап 5 банк арқылы бизнеске беріле бастады. Күні бүгінге дейін кәсіпкерлерден құны 35 млрд теңге болатын 30 өтініш келіп түскен. Алдағы 7 жылда импорт көлемін 37% түсіру жоспарда тұр. Соның арқасында Қазақстан бойынша жаңадан 6 мың жұмыс орны пайда болады.
Жеңіс Қасымбек, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:
- Жеңіл, жиһаз және тамақ өнеркәсібін, құрылыс материалдары өндірісін дамыту бойынша Жол карталары әзірленді. Бұл карталарда 180-ге жуық іс-шара атқарылады. Ол шаралардың арқасында халық үшін 365 тауар өндірісі дамытуға мүмкіндік беріледі, оның ішінде 118-і ол азық-түлік және 247-сі ол халық тұтынатын тауарлар.
Қарапайым заттар экономикасын құруды Қазақстан кешірек қолға алды. Еуразиялық экономикалық одақтағы Ресей, Беларусь секілді еншілес елдер ертерек екпін салды. Мысалы соңғы 5 жылда Ресей жеңіл өнеркәсіпте 59,7% өсімге қол жеткізген. Мұны министрдің өзі айтты.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Киер киім, жатар орын, ішер тамақ. Міне осылар өзімізде өндірілсе, қарапайым заттар экономикасы дегеніміз осы. Түптеп келгенде бұл ұлттық қауіпсіздік үшін қажет. Үкімет өнеркәсіп саясатын түбегейлі қайта қарамақ. «Сөйтіп биылғы жылдың өзінде құрылыс заттары, жеңіл өнеркәсіп пен жиһаз өндірісінің көлемін 73 млрд теңгеге арттырамыз», – деп отыр.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Айбын Құсанбеков