7 жылдың ішінде жергілікті жолдардың 95% қалыпқа келтіріледі
Қазақстанда халықаралық стандарттарға сай келетін тек бір ғана автобан бар, ол – «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізі. Еліміздің облыстық және ауданаралық жолдарының 32% тозығы жеткен. Әсіресе, батыс өңірдің күре жолдары сын көтермейді.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 7 жылдың ішінде жергілікті жолдардың 95% қалыпқа келтіреді. Бұл туралы «Хабар» телеарнасына ведомство басшысы Роман Скляр эксклюзивті сұхбатында хабарлады. Министр сондай-ақ «Нұрлы жол» бағдарламасының екінші кезеңінің басым бағыттары туралы айтып берді.
Роман Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Нұрлы жол» бағдарламасының екінші кезеңін жазуға кірістік. Жаңа бағдарламаға осы жергілікті жолдардың сапасын арттыру индикаторлары кіреді. Бұл – басымдық берілетін бағыт. Біз соңғы бірнеше жылда республикалық жолдарды жөндеп келдік. Ал халықтың көңілі толмайтыны да осы жергілікті жолдар. Сондықтан жұмысты жандандыру керек. Барлық өңірлер қамтылады. Бағдарлама тек жолдарды емес, кешенді түрде теміржол және автовокзалдарды жөндеу, әуежайлар, логистика және жол бойындағы қызмет көрсету нүктелерін қалыпқа келтіруді көздейді.