Көпбалалы отбасыларға арендалық пәтер биыл мамырда беріле бастайды
Президенттің съезде айтқан әр сөзін халыққа түсіндіру үшін Премьер-Министрдің орынбасарлары мен министрлер ауыл-ауылды аралап, әр отбасының тұрмысымен таныспақ. Гүлшара Әбдіқалықова келер апта Батыс Қазақстан облысына аттанатынын айтқан болатын.
Сан жылдар бойы қазақтың бас ауруына айналып келген баспана мәселесі енді бір шешімін таппақ. Мысалы, алдағы мамыр айынан бастап көпбалалы отбасыларға арендалық пәтер беріле бастайды. 2025 жылға дейін мұндай 40 мыңнан астам баспана беру жоспарда тұр. Ол үшін алдағы 7 жылға 350 млрд теңге бөлінбек. Нәтижесінде кезекте тұрған 28 мың тұрмысы төмен көпбалалы отбасы баспанамен қамтылады.
Осы әлеуметтік бастамаларды іске асыруда Nur Otan партиясына үлкен міндет жүктелді. Ол – қаржының мақсатты жұмсалуын қадағалау. Сондай-ақ Астанада айтылып жатқан үлкен мақсаттарды халыққа жеткізуге де жетекші партия күш салмақ. Мысалы, бүгін партия мүшелері Алматы қалалық кардиология орталығында болып, дәрігерлермен кездесті. Партияның қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман Алшановтың айтуынша: «Бөлінген қаржының әр тиыны көмекке зәру жандарға жетуі жіті бақылауда болады».
Рахман Алшанов, Алматы қаласының Қоғамдық кеңес төрағасы:
- Негізгі мақсат – тиімді пайдалану, жағдай жасау. Елбасының үлкен тапсырмасы болған осы эконимаканы үнемді пайдалану керек. Экономика қазір 59 млрд теңгеден асты. Өнеркәсіп, құрылыс, көлік жақсы дамып келе жатыр. Қарқынды дамып келе жатыр деп айтуға болады.
Ақтөбе аймағында да арнайы әлеуметтік жәрдемақы алатындардың қатары көбейеді. Былтыр аз қамтылған отбасы ретінде 20 мың адам жәрдемақы алса, биыл 29 мың тұрғын осы тізімге енді. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 3,5 млрд теңге қосымша қаржы бөлінеді. Бұл туралы Nur Otan партиясының облыстық филиалының активі кезінде айтылды. Жиынға Парламент Сенатының депутаттары да қатысты. Партия съезіне барып келген делегаттар Елбасы тапсырмалары туралы жан-жақты түсіндіріп, жіктеп айтып берді.