Астанаға еліміздің барлық өңірінен түрлі саланың нәзік жанды өкілдері жиналды
Ақорда алаңын гүл егіп безендіріп жүрген Наталья Ермолинаның елдің бас резиденциясына кірсем деген ойы да болмаған. Алайда сәті түсіп, Мемлекет басшысының салтанатты жиынында құрметті қонақ болып, Президенттің қолынан сыйлық алды.
«Көктем шуағы» дәстүрлі мерекелік кездесуіне Астанаға биыл тағы да еліміздің барлық өңірінен түрлі саланың нәзік жанды өкілдері жиналды.
Солардың бірі – Атыраудан келген ерекше мамандық иесі Айжан Асмағамбетова. 16 жасынан кран тізгіндеген келіншек өмірлік серігін де «биікте» жүріп тауыпты. Жолдасы – краншы. Күрделі кәсібіне қарамастан, Айжан төрт бала тәрбиелеп өсірді.
Айжан Асмағамбетова, краншы:
- Әрдайым еңбек адамдарына көрсеткен құрметіңіз үшін, аналарға деген қамқорлығыңыз үшін, осы әдемі іс-шараға қатысу бақытына ие болғаным үшін ризашылығым шексіз. Аман болыңыз, еліміздің бірлігі, береке, ырысы арта берсін, биіктей берейік.
Айжан сияқты адал еңбек еткен кез келген әйелдің Ақорданың салтанатты жиынына қатысуға мүмкіндігі бар. Динара Қожанова – ерге бергісіз нәзік жандылардың бірі. Ол – шалғайдағы ауылдардың бірінің әкімі.
Динара Қожанова, ауыл әкімі:
- Шаруашылық жағынан кей нәрсені білмеймін. Сол себепті ауылда жасы үлкен адамдар бар. Барлығын шақырып, ақылдасамын.
Динараның мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүргеніне 15 жыл болды. Тұрғысын ауылына дейін Өскеменде қызметте болған. Батыл қызға: «Ауылды көтеруге барасың ба?», – дегенде ойланбастан шешім қабылдапты. Жас әкім қысқа уақытта атқарған жұмысының арқасында ауылдықтардың сеніміне ие болған. Осылайша, нәзік жандылар шындап кіріссе, алынбайтын қамал жоғын дәлелдеді.
Ал Наталья Ермолина бұған дейін хан сарайын тек сырттан қызықтайтын. Ол: «Мен Ақордаға Елбасымен қатар күнде келіп, жұмыс істейтінмін», – деп қалжыңдайды. Мемлекет басшысы елге жауапты болса, Наталья Елбасының көзайымы болатын резиденция алдындағы гүлзарларға жауапты еді. Бүгін оның еңбегі еленіп, Президенттің қолынан сыйлық алды.
Астананың қалыптасуы Целиноград тумасы Натальяның көз алдында болды. Сондықтан ол бір сәтте Назарбаевтың батыл ісіне септесейін деп жаңа Астананы гүлмен безендіруді қолға алды. «Бүгінгі күн – 20 жылдық еңбегімнің өтелуі», – дейді.
Наталья Ермолина, «Астана-Зеленстрой» АҚ бригада жетекшісі:
- Әрине мен үшін ерекше күн. Ақорданың салтанатты жиынына қатысамын деген ой түсіме де кірген емес.
Мемлекет басшысымен кездесуден жігерленген нәзік жандылар мерекелік көңіл күймен тарқасты. «Елбасының бізді елеуі еңбегімізді жеңілдетеді», – дейді олар.
Авторлары: Азамат Алдоңғаров, Олжас Керейхан