Нәзік жандылар қоғамның дамуына атсалысуда
Бұл – келесі сюжетімізге арқау болған кейіпкерлерге ортақ қасиеттер. Олар нәзік жаратылысына қарамастан, әр салада еңбек етіп, қоғамның дамуына атсалысуда. Ерлігі мен өрлігі өзгеге үлгі боларлық.
Клара Камашқызының жедел хирургия бөлімінде медбике болып жұмыс істегеніне биыл 40 жыл. Бұл бөлімде осынша уақыт үздіксіз еңбек ету оңай шаруа емес. Тәулігіне 60-70 операция жасалады. Операциядан соң әлсіреген азаматтың толық сауығуына, аяғынан тік тұрып кетуіне көмектеседі.
Клара Мұхамеджанова, жедел хирургия бөлімінің медбикесі:
- Операция жасалған жерін қарап тұруымыз керек. Ең бірінші, ауырсынуды басамыз. Бақылап, қарап, аузын сулатып отырамыз. Шаршасам да шаршағанымды көрсетпеймін. Науқасқа не керек, соны жасауымыз қажет.
Клара Камашқызы зейнет жасында болғанымен, жұмысын жалғастыруды жөн санаған. Үйде қол қусырып отырғаннан гөрі, сырқаттанған жандарға ем көрсетуді бақытына балайды.
Ал Петропавл қаласының тұрғыны Неля Михайловнаны үй-күйсіз, қаңғып жүрген азаматтар «Ана» деп атайды. Өйткені ол тағдырдың тәлкегімен далада қалған жандарға қолдау көрсетуді азаматтық парызы санайды. Күнделікті жұмыстан соң бейімделу орталығындағы 80-ге жуық жанға тамақ пісіріп апарып береді.
Кейбір кезбелердің құжаттарын түгендеп, жұмысқа орналасуына көмектескен. Ал 7 адам оның баспанасын пана етуде.
Неля Штайнбренер, Петропавл қаласының тұрғыны:
- Қазір адамдар қатыгез болып барады. Бір-бірін керек қылмайды. Мұндағы азаматтардың әрқайсысының өз тағдыры бар. Бейімдеу орталығында тек бір жыл тұра алады. Қартайған адам әрі қарай қайда баруы мүмкін? Көше кезіп, қоқыс аралап, қаңғып кетеді.
Неля Михайловна осыдан 4 жыл бұрын онкологиялық ауруға шалдығып, жақындары одан бас тартқан. Туған-туысы бола тұра, жалғыз қалғанның қаншалықты ауыр екенін жақсы түсінеді. Содан бері қайырымдылықпен айналысады. Арнайы қор құрып, жергілікті бейімдеу орталығына қолдау көрсетеді.
Нүрия Келдібаеваның қарулы күштерде қызмет еткеніне 15 жыл. Инженерлік-авиациялық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы. Әрбір техниканың сақадай сай жұмыс істеуі үшін жауапты.
Нүрия Келдібаева, №19132 әскери бөлімінің инженерлік-авиациялық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы:
- Әскери бөлімдегі авиациялық техникаларды меңгеріп, оларға көрсетілетін түрлі қызмет жұмыстарын жоспарлаймын және жоспарға алынған жұмыстардың сапалы, уақытылы орындалуын қадағалаймын. Өзіңнің қызметіңді жақсы көріп істегендіктен, ешқандай қиындығы жоқ
Нүрия 8 наурыз мерекесін ерекше жақсы көреді. Қызметте қатал болғанымен, жаны жайсаң жан. Бала кезден қарулы күштерде еңбек етуді армандайтын. Бүгінде мақсатына жеткен. Әуе техникасының қыр-сырын жақсы түсінеді. Инженерлік-авиациялық қамтамасыз ету бөліміндегі жалғыз әйел.
Иә, сюжетімізге арқау болған әр кейіпкер өз ісінің шебері. Жүктелген міндетті ауырсынбай, бар ынтасымен атқарады. Әйел не ердің ісі деп бөліп қарамайды. Бірі – жаны нәзік болғанымен, темірдей тәртіпке бағынуды жөн санаса, енді бірі – қайырымдылық пен мейірімділікті насихаттайды. Ерліктері елге үлгі боларлық.
Авторлары: Гүлмайра Қуатбайқызы, Самат Қайірденұлы, Абдулла Исаев