Алматы облысының тұрғыны ұлттық дәстүрді жаңғыртуда
Алматы облысының тұрғыны Гүлбаршын Байсариева киізден заманауи үлгіде ұлттық киім тігіп, қазақстандық бренд қалыптастыруда. Әйелдер мерекесі қарсаңында шебер бірнеше әдемі көйлектің жиынтығын жасады.
Гүлбаршын Байсариеваның Қазақстанға көшіп келгеніне 13 жыл. Өзбекстаннан тарихи отанына оралған ол алғашқы кезде немен айналысарын білмеген. Өз ісін ашуға қаражат та қолбайлау болыпты. Тығырықтан шығу үшін ол әжесінің ісін жалғастырып, қой жүнін қолмен түтіп, киіз жасайды.
Гүлбаршын Байсариева, дизайнер:
- Өзім де бұрыннан осындай киімдер тігетінмін. Келешекте ұрпаққа бір нәрсе қалсын деген мақсатпен, ниетпен істейтінмін.
Гүлбаршынның цехы шағын ғана. Шикізат та өзінен. Жайылымында 200 бас қой бар. Сәуір айында басталатын қырқыннан алатын жүнді сәнді киімдер жасауға жұмсайды.
Гүлбаршын Байсариева, дизайнер:
- Бізде қазір Қытайдың тауарлары көбейіп кетті. Соны біз тоқтату үшін өзіміздің табиғи өнімді шығаруды жөн көрдім. Үлкен жобаларды алдыма қойып, қайтсем де шәкірттерді көбейтіп, жан-жақтан филиалдарды ашып, үлкен цехтарды, зауыттарды көбейтсек, сонда ғана біз тоқтата аламыз. Басқа мемлекетке өзіміздің отандық өнімді шығаруымыз керек.
«Киізден жасалған заманауи үлгідегі киімдерге сұраныс та жоғары», – дейді шебер. Себебі өнімнің құрамы – таза, табиғи. «Қазақтың тұрмысында киіздің жиі қолданылуының да сыры осында», – дейді ғалымдар.
Тәттігүл Қартаева, этнограф-ғалым:
- Киіз қазақ халқының тұрмысында өте ерте кезде қалыптасқан. Өздеріңізге белгілі атақты сақтардың қорғанынан табылған киіздің жұрнақтарын айтуға болады. Аяқ киімнің ұлтарағы киізден пішілді. Осы киіз ұлтарақтары бүгінгі күнге дейін кең қолданыста. Себебі киіз ұлтарақ аяққа жылы болады және де ұзақ жол жүргенде, ұзақ уақыт киген кезде терді өзіне қарай сіңіреді. Ол денсаулыққа өте пайдалы.
Гүлбаршын алдағы уақытта Астана мен Талдықорған қалаларында өндірісін өркендетуді қолға алуды жоспарлап отыр. Шәкірттерін де дайындаған. Олар енді бірлесіп, қазақтың заманауи үлгідегі ұлттық киімдерін тігуді қолға алмақ.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов