Элизабет Тұрсынбаева Денис Теннің рухына арнаған номерін сырғанап берді
Элизабет Тұрсынбаеваның есіміне елең етпейтін қазақстандық жоқ шығар. Әлемдік деңгейдегі топ-фигурист, мәнерлеп сырғанаудан ел құрамасының көшбасшысы Қазақстанға келіп кетті. Ресейлік атақты фигурист Илья Авербухтың Алматыдағы мұз шоуына қатысып, Денис Теннің рухына арнаған номерін тағы бір сырғанап берді. Қазақстандық жанкүйерлері оны әуежайдан күтіп алды.
Элизабет Тұрсынбаева Қазақстанға жиі келетін қонақ емес. Оның күн тәртібі жаттығу мен дайындықтан ғана тұрады. Атақты ресейлік фигурист Илья Авербухтың Алматыдағы кешіне келген Элизабет Тұрсынбаеваны қазақстандық жанкүйерлері гүлмен қошеметтеп қарсы алды.
Элизабет Тұрсынбаева, мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері:
- Чемпионаттан соң бір күн демалып, сосын қайта жаттығуға кірістім. Медаль әрине, жақсы. Бірақ жұмыс жалғаса береді.
Жапонияда өткен жарыстан соң екі апта өтсе де, көптің көкейіндегі сұрақ сол біреу. Әуедегі төрттік айналым. Элизабет Тұрсынбаева төрттік сальховты ресми жарыстарда орындаған тұңғыш әйел спортшы ретінде әлем тарихында қалды. Шынашақтай ғана қыздың мұз үстіндегі сол ерлігі, жеңіске деген жігері таңғалдырмай қоймайды.
Элизабет Тұрсынбаева, мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері:
- Бұған дейін бұл элементті екі рет орындауға тырыстым, бірақ қателесе бердім. Әлем чемпионатында бұл әдісті мүлтіксіз орындаудың орайы келді.
Қазақстанның 34 келі мақтанышы. Қуыршақтай кішкентайлығы, қазақ қызына тән ұяңдығы, қарапайымдылығы ешкімді тәнті етпей қоймайды. Бұл маусымда Элизабет Тұрсынбаеваның айы оңынан туды. 7 жарыс, 7 жүлде. Ал әкенің қуанышы тіпті ерек.
Байтақ Тұрсынбаев, Элизабет Тұрсынбаеваның әкесі:
- Сезім тамаша! Осы маусымда мақсатымызға жеттік. Негізгі мақсат әлем чемпионаты болды. Осы маусымда жеті үлкен жарыс болды. Екі челленджер, төрт құрлықтың чемпионаты, универсиада, әлем чемпионаты.
Ресейдің мұз әлемінде «Темір ханым» атанған «Тутберидзе» командасының хореографы Даниил Глейхенгауз жақында әлеуметтік желіге үштік аксель жасаған Элизабеттің видеосын салды. Демек, жеңіс жалғасады. Атақты ресейлік фигурист Илья Абервух Тұрсынбаевадан Олимпиада алтынын күтетін айтып қалды.
Илья Авербух, фигурист, продюсер:
- Әуедегі төрт айналым. Мәнерлеп сырғанау тарихында әйелдер арасында бұл әдісті ешкім әлі бағындырған жоқ. Бұл шынымен тарихи жеңіс болды. Бұл кезең қазақ фигурисі Элизабет Тұрсынбаева үшін сәтті болды. Элизабеттің бойында үлкен жігер мен қуат бар. Ол – Қазақстанның атын әлемге паш ете алатын бәсекелі спортшы. Жапонияда өткен әлем чемпионатындағы бетінен қайтпаса, Олимпиададан алтын күтуге де болады.
Илья Авербухтың Алматыдағы мұз шоуында Элизабет Тұрсынбаева тағы бір мәрте Денис Тенді еске алды. Күміс таққан алтын қыз алдағы жоспарымен де бөлісті. Жоспар – жаттығу, тағы сол жаттығу. Жаңа элементтерді орындау, аксельді бағындыру, ал оның артында алтынның да ауылы алыс емес секілді. Себебі жат жерде жүрсе де қазақтың арманын арқалап жүргенін Тұрсынбаева түсінеді.
Элизабет Тұрсынбаева, мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері:
- Мен қазақпын және оны мақтан тұтамын. Біздің әнұран шырқалып, көк байрақ көкке көтерілгенде мені ерекше сезім билейді. Ондай сәттер үшін күн сайын күресуге болады.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Ұлан Нарынбек, Дана Нұржан