Қазақстан – Қырғызстан шекарасында жүк көліктерінің кептелісі пайда болды
Мемлекеттік кірістер комитеті өкілінің айтуынша, Қырғызстаннан елімізге тауар әкелгендер қосымша құн салығын төлеуі керек. Сондықтан ақша үнемдеп, салықтан жалтарғандар түрлі айлаға барады. Мысалы, Ресейге шыққан тауар елімізде қалып қояды. Осыны ескерген құзырлы органдар тексеруді күшейткен. Себебі жүк құжатқа сәйкес келмей жатады, мөлшері, құны басқа болып шығады. 27 наурыз бен 4 сәуір аралығында бекеттен мыңан астам көлік өтсе, 114-і кері қайтыпты. Ал құжаты сай көлік шекарадан 15-20 минутта өтеді.
Әсел Қуанышпаева, ҚР ҚМ МКК экспорттық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Өткізілген шаралар бойынша 20 бұзушылық табылды. Бұл мәселе бойынша қырғыз тарапы мен Ресей тарапына күнде мәлімет жіберіледі. Қазіргі уақытта Қазақстан мен Қырғызстан тараптары келісімге келді. Келісім бойынша Қырғызстан тараптары ілеспе құжаттарында дұрыс мәлімет көрсету жайында тасымалдаушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Ал Қазақстан тарапы кептелісті азайту үшін бақылауды төмендетеді.
Құлмаханбет Исақов, Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы:
- Кәсіпкерлер төлқұжаттарын сапалы толтырмағандықтан болып тұр. Мысалы, қырғыздардың өздерінің фабрикалары шығарған заттар бірден көрініп тұр, құжаттары бірінші күннен-ақ дұрыс, оларға ешқандай қосымша талап жоқ. Олар еркін өтіп жатыр. Ал енді Қытайдан келіп жатқан тауарлардың құжаттары сәйкес келмей жатыр.