Париждегі қайғылы жағдай «ұлттық трагедия» деп танылды
Францияның мәдениет министрінің айтуынша, ғимараттың негізгі бөлігі өртенбеген. Алайда шіркеудің төбесі мен шатырұшы қираған. Өрттің неден шыққаны әзірге белгісіз. Париж прокуратурасы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын бастады. Ел президенті Эмманюэль Макрон шіркеудің толығымен қалпына келтірілетінін айтты.
Адамзаттың мәдени мұрасы. Франция тарихының көзі. Франция осындай жақұтынан айырылып қала жаздады. Тоғыз ғасыр бойы тұрған Нотр-Дам бірнеше сағатта өртеніп кетті. От жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан монументтің жоғарғы бөлігінен шыққан. Салдарынан ғимараттың төбесі, сүмбісі және сағаты құлады. Отқа оранған ғимарат орналасқан Сите аралындағы тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді.
Жерар Керзак, дәрігер:
- Ауыр жарақат алғандар жоқ. Бірнеше өрт сөндіруші уланып, жеңіл жарақат алған. Эвакуацияланған адамдардың барлығы дін аман.
Бұл түні Париждегі барлық ғибадатхана мен собор қоңыраулары дабыл қақты. Сена өзені бойына жиналған саяхатшылар мен париждіктер көз жастарына ерік беріп, дұға етті.
Блиц:
- Қайғылы жағдай орын алды. Ғимарат француздар мен католиктер үшін ғана емес, барлық әлем еліне құнды еді.
- Барлығымыз есеңгіреп қалдық. Жаңалықты көргеннен кейін бірден осы жерге келдік.
- Бұл – мыңдаған жыл тарихы бар ғимарат. Ерекше құрылыс. Орны толмас қайғы.
Қызыл жалынды сөндіруге 400 өрт сөндіруші жұмылдырылды. Олар тез әрекет етіп, собордың негізгі бөлігін сақтап қалды. Ел президенті Эмманюэль Макрон өртеніп жатқан ғимаратқа кіріп, үлкен өкініш білдіріп, оны қалпына келтіруге уәде берді.
Эмманюэль Макрон, Франция президенті:
- Мен сөзімді барлық француз жұртшылығына арнағым келеді. Нотр-Дам – біздің тарихымыз, әдебиетіміз, қиял-арманымыз. Бұл – біздің өміріміздің орталығы. Соборды қалпына келтіру үшін бар күшімізді салатынымызға уәде беремін.
Париж мэрі Анна Идальгоның сөзінше, соборда болған құнды жәдігерлердің көбі аман қалған. Олардың қатарында Иса пайғамбардың тікенді бұтақшалардан өрілген тәжі бар. Жуық арада бұл туындылар Луврға беріледі. Сонымен қатар Нотр-Дамның шатырындағы 150 жылдан астам уақыт бойы тұрған 16 мүсін өрттен аман қалды. Олар осыдан бір апта бұрын алынып, жөндеу жұмыстарына жіберілген болатын.
Нотр-Дам – Франция шаттығы мен қайғысының куәгері. Тарихи ғимарат XII ғасырдан бастап екі жүз жыл бойы салынған. Мұнда Францияның алғашқы парламенті құрылған, Маргарита де Валуа мен болашақ король IV Генрих некелескен, Наполеон Бонапартқа француз императоры ретінде тәж кигізу рәсімі өткен.
Бүгінде Собор алдындағы алаңнан Франциядағы барлық арақашықтық өлшенеді. Готикалық сәулет өнерінің мұрасын көруге әлемнің түкпір-түкпірінен жылына 13 млн-ға жуық турист жиналады.
Авторы: Меруерт Жақан