Күннің күрт суытуы бау-бақша ұстайтындарды алаңдатып отыр
Табиғаттың тосын мінезіне жергілікті бағбандар алаңдауды. Өйткені бау-бақшаларында бүршік жарған жеміс-жидек ағаштары зардап шегуі мүмкін. Ал жердің ебін тапқан диқандар үшін құнарлы топырақтың ылғалдығын ұзақ мерзімге сақтап қалуға зор мүмкіндік туғызып отыр. Сирек кездесетін табиғи құбылыс кері әсерін кімге тигізді?
Бұл саяжай шаруашылығында төрт мыңнан астам учаске бар. Жеміс-жидек пен көкөніс өсірумен айналысатын бағбандар ағаш бұталарын осылай қымтап әлек.
Виталий Кузнецов, бағбан:
- Қарақаттарды қымтап жатырмыз. Өкінішті әрине, бірақ жидектерді суықтан құтқаруға тырысамыз.
Тоқсанды алқымдаған Зоя Давыдова Павлодар қаласының бас көгалдандырушысы болған. Бұл іске ғұмырының жетпіс жылын арнаған. Табиғаттың тосын мінезін әбден жаттап алған агрономнан қазір ақыл сұраушылар көп.
Зоя Давыдова, агроном:
- Ерте жетілетін жидектердің гүлді бүршіктерін үсік шалды. Өнім алуымыз екіталай әрине. Сондықтан кеш пісетін өсімдіктерді сақтап қалуымыз керек. Ол үшін ағаштарды арнайы препараттармен өңдеу керек.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Сала мамандарының айтуынша, дәл осындай табиғи құбылыс 35 жыл бұрын тіркелген. Ол кез көктемнің сәуірі емес, жаздың маусым айы болатын. Ауа температурасы -8 градусқа төмендеп, Павлодар қаласындағы саяжайлардағы жеміс ағаштары үсіп қалған. Сол сәттен бері жергілікті агрономдар солтүстік өңірдің өзгермелі климатына бейімделген жеміс-жидектердің сұрыптарын өсіре бастаған.
Биыл диқандар қар тоқтату жұмыстарын ерте аяқтаған. Сондықтан сәуірде жауған жауын-шашын бұл шаруалар үшін қолайлы. Өйткені топырақ құнарланады. Яғни өнім мол болады деген үміт басым.
Есентай Мүрсәлімов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Қыста қар тым аз түсті. Сәуірдің басында астық алқаптары құрғап қалған. Бүгінде шаруалар көктемгі дала жұмыстарына кірісіп үлгерді. Әзірге 30 гектарға сәбіз бен 30 мың гектар жерге көкжылғы шөп егілді. Десе де күннің суытуы кері әсерін тигізген жоқ.
Өңір диқандары биылғы науқанда 1 млн 300 гектардан астам жерге тұқым сеппек. Майлы дақылдар мен картоп алқаптарының көлемі айтарлықтай артқан. Осы жылы 10 шаруашылық алғаш рет қант қызылшасының сұрыптарын екпекші.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков