Орталық сайлау комиссиясы цифрлық форматқа көшті
Ол үшін бас кеңседе арнайы орталық құрылған. Дауыс беру күні барлық ақпарат сонда жинақталады да, бірден үлкен экранға шығарылады. Байқаушылар мен баспасөз орталығына келетін тілшілер қауымына да тиісті жағдай жасалған.
Сайлауға дайындық, үміткерлерді тіркеу, сайлаушылар дауысын санау, оның қорытындысын шығару. Бәрі Орталық сайлау комиссиясы орналасқан осы ғимаратта өтеді. Заман талабына сай нысан алдағы Президент сайлауында жаңа форматта жұмыс жасайды.
Ерлан Қосмұратов, ҚР ОСК инженерлік-техникалық орталығының директоры:
- Баспасөз орталығында үлкен екі экран орнаттық. Одан 9 маусым күні сайлаудың өту барысы жайында ақпарат көрсетіледі. Бәрі біткен соң, дауыс беру қорытындысын жариялауда да осы техникалық мүмкіндіктер пайдаланылады.
Дауыс беру күні ноутбук, принтер, Wi-Fi тәулік бойы жұмыс жасайды. Бірінші рет қазақ, орыс және ағылшын тілінде ілеспе аударма қызметі пайдаланылады. Ал мынау – Орталық сайлау комиссиясының бұрынғы көрінісі. Былтыр нысанға күрделі жөндеу жасалып, жаңа жиһаз, жаңа техникалық құрылғылармен жабдықталды. Бұл өз кезегінде осы жолғы сайлауда жұмысты цифрлық форматта жүргізуге мүмкіндік туғызды. Енді өңірлерден келген ақпарат осында жылдам жинақталып, бірден жарияланып отырады.
Ерлан Қосмұратов, ҚР ОСК инженерлік-техникалық орталығының директоры:
- Өте ыңғайлы. Экранға шыққан мәліметті комиссия мүшелерімен қатар бір мезетте залдағы мониторға да шығара аламыз. Баршаға тиімді тәсіл.
Мамандар цифрлық форматта жұмыс жасау үшін тек заманауи техникаларды пайдаланады. Ол болуы мүмкін барлық кибершабуылдан қорғалған.
Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Абдулла Исаев