21:00Эфирде: Тұсаукесер! "Көзімді жұмсам да..."
23:00Әрі қарай: Телесериал. "Вторая жизнь Евы"
+7 (7172) 757 555
sale@khabar.kz

Қорғас өзенінде «Шүкірбұлақ» су бөгетінің құрылысы басталды

  • Категория: Сюжеттер
Қорғас өзенінде «Шүкірбұлақ» су бөгетінің құрылысы басталды

Алматы облысының Қытаймен шекаралас Қорғас өзенінде «Шүкірбұлақ» су бөгетінің құрылысы басталды.

Халықаралық маңызы зор жобаны екі ел бірлесіп қаржыландырады. Бөгет шекарада орналасқан Қазақстан-Қытай сауда орталығы мен өзен бойындағы елді мекендерді су тасқынынан қорғау мақсатында қолға алынды.

Қорғас өзенінде салынатын «Шүкірбұлақ» су бөгетінің іргетасын қалау салтанатына Қазақстан мен Қытайдың жауапты өкілдері қатысты. Су бөгетінің құрылысына екі ел тарапынан жалпы сомасы 11 млрд 700 млн теңге бөлінген.

Аршын Кемелжан, тілші:

- Екі елге ортақ аумақта орналасқан «Шүкірбұлақ» су бөгетін салу туралы халықаралық келісім 2017 жылы жасалған-ды. Себебі 2015-2016 жылдары таулы мұздықтар еріп, Қорғас өзеніне сыймаған су Қорғас халықаралық ынтымақтастық орталығына зиян келтірген болатын. Шығын көлемі 2,5 млрд теңгені құрады. Сондықтан да мамандар: «Аталған су бөгетінің маңызы зор», – дейді.

Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматы облысына жасаған сапары кезінде Қорғас халықаралық сауда орталығы мен осындағы инфрақұрылымды дамытып, «Шүкірбұлақ» су бөгетін салуды тапсырған болатын. Нәтижесінде арнайы жоба дайындалды. Соңғы бес жылда Қорғас өзенінің арнасы кеңейтіліп, жағалауы бекітілді.

Юрий Ильин, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

- Бұл бөгеттің жобасы екі елдің мамандарымен ұзақ жылдар бойы дайындалды. Қаржыландыру 50-50% болды. Себебі өзен бойындағы инфрақұрылымдар екі елге ортақ әрі экономикалық маңызы бар.

Салынатын бөгеттің ұзындығы 534, биіктігі 50 метрді құрайды. Алып нысан 10 млн текше метрге дейін тау суын тежеуге қабілетті. Жиналған су секундына 200 текше метр жылдамдықпен Қорғас өзеніне жіберіліп отырады. Алатаудың Қорғас өзеніне құяр тұсында қырыққа жуық көл бар. Олардың жалпы көлемі 3,5 млн текше метрге дейін жетеді.

Тоқтар Баймолдаев, «Қазселденқорғау» ММ басшысы:

- Қорғас өзені ежелден селге қауіпті өзен болып есептеледі. Таудан түскен тас, құмның қалыңдығы төменгі жақта 20-28 метрге дейін жетеді. Таулы аймақтың ең үлкен қаупі – мұзды көлдер. Қазан көлдің көлемін 3,5 млн-ға дейін өсіріп, азайтып отырамыз.

Нысан құрылысын 2021 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Ерлан Әбжанов

Сондай-ақ...