Елімізде 830 мыңға жуық отбасына әлеуметтік төлем беріледі
Ол үшін Үкіметте бірнеше бағыт бойынша салалық бағдарлама қабылданды. Оған қоса әр облыстың өзінде аймақтық бағдарламалар іске аса бастады. Ал көпбалалы отбасыларға берілетін төлемге еліміз бойынша 830 мыңға жуық адам қол жеткізбек. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған үкіметтік жұмыс тобы Шығыс Қазақстан облысына барған сапары кезінде айтты.
Өскемендегі бірақтар әлеуметтік нысанды аралап, әлеуметтің әлеуетін әлдендіру бойынша жасалып жатқан жұмыстармен танысты. Әуелі облыстық мамандандырылған медициналық орталықта болды. Орталық мамандары бүгінге дейін хирургия, гинекология, урология бағыттарында 200-ден астам науқасқа операция жасаған. Сондай-ақ облыс орталығында тұратын көпбалалы отбасылармен де кездесті. Ал халықпен кездесу кезінде әлеуметтік сала бойынша әрбір салалық министрліктің атқарып жатқан жұмысы туралы бүге-шігесіне дейін айтып берді. Бүгінде Шығыс Қазақстанда 46 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. Бірінші маусымнан бастап білім, мәдениет, медицина, спорт, әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбекақысы да 15-тен 30% өспек. Әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбек ақысын көтеру үшін бөлінген қаржының 75% білім саласына бағытталып отыр. Шамамен 500 мыңға жуық мұғалімнің айлығы өседі. Биыл елімізде «Денсаулық» бағдарламасы аяқталады. Алдағы бес жылға арналған жаңа құжат әзірленбек. Ол бағдарламада дәрігерлердің еңбекақысын көтеру де нақты қарастырылған.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Елбасының Nur Otan партиясында берген тапсырмасына сәйкес біз медицина саласы мамандарының әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша бірқатар шара қабылдадық. Қатардағы санитарлардан бастап жоғары санаттағы дәрігерлердің барлық жүктемесін ескердік. Ол үшін медициналық мекемелердің өзін-өзі қаржыландыру мәселесі де ескерілді.