Қазақстанның транзиттік әлеуеті артып келеді
Транзиттік пойыздардан бюджетке 2 млрд доллардан аса қаржы түскен. Бұған «Бір белдеу, бір жол» жобасы мүмкіндік беріп отыр.
Жоба іске асқалы Ұлы Жібек жолындағы барлық ел арасында сауда қатынасы дамып, жаңа деңгейге шықты. Қазақстан мен Қытайдың өзара тауар айналымы былтыр 865,2 млн долларға жетті.
Риат Шони, тілші:
- Қытайдың шығармайтыны жоқ. Бұл сөз тіркесін біз бұрыннан айтып келеміз, көршілерге бұрыннан таңданып келеміз. ХХІ ғасыр – технологияның қарыштап дамыған заманы. Мұны аспанасты елінің жұрты сөзбен емес, іспен дәлелдеп көрсетіп жатыр. Бүгінде екінің бірінде бар ұялы телефондардың 70% және компьютерлердің 82% осында, Қытайда шығарылады.
Бір ғана мысал, Аньхой провинциясының орталығы Хэфэй қаласы – Қытайдың инновациялық технологиялар астанасы. Мұнда тұрмысқа қажеттінің барлығы шығарылады. Осындай іспен айналысқан IFlyTek технопаркі жасанды интеллектіні пайдаланып, түрлі өнімдер жасайды. Мәселен, шетелге шыққанда тіл білмей-ақ, жергілікті халықпен еркін сөйлесуге болатын құрылғы.
Құрылғының қазір қолданыста бар аудармашылардан ерекшелігі – интернетке қосылмай-ақ жұмыс істей беруі. Сондай-ақ технопарк ұсынған өнімдер арасында ақылды үй жүйесі, дауыспен басқарылып, тапсырма орындайтын робот, көлікті дауыспен басқаруға болатын технологиялар да бар.
Хэфэй бұл тауарларымен провинцияны қамтиды. Қытайлықтар көбіне отандық өнімді таңдайды. «Бір белдеу, бір жол» аясында шетелге сату қарқын алды. Хэфэй халықаралық порты арқылы логистикалық байланыс орнаған.
Риат Шони, тілші:
- Алысты жақындатқан Хэфэй халықаралық құрғақ порты. Дәл осы порт арқылы Қытайдан Еуропаға, Еуропадан Қытайға тауар тасымалданады. Айта кету керек, 2014 жылдан бері осы теміржол арқылы 400-ге жуық пойыз 21 мыңға жуық контейнерді тасымалдап үлгерген екен. Оның ішінде Орталық Азия да бар. Нақтырақ айтқанда, Алматы қаласы. Ал енді міне, биылғы жылдың 100-ші пойызы Алматыға аттанғалы тұр. Бұл пойыз діттеген жеріне 10-12 күннің ішінде жетеді.
Құрғақ порт Хэфэй қаласы үшін логистикалық дамудың жолына айналған. Осы уақытқа дейін ол арқылы Еуропа мен Орталық Азияға жөнелтілген тауар құны 1,6 млрд долларға жетті. Бұл жаңа Жібек жолын жандандырудың арқасында мүмкін болды.
«Елімізге тиер пайдасы мол», – дейді Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев. Өйткені ел экономикасына транзиттік табыс мол қаржы салады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев транзиттен түскен пайданы 2020 жылға қарай 5 млрд долларға жеткізу туралы тапсырма берген еді.
Шахрат Нұрышев, ҚР ҚХР төтенше және өкілетті елшісі:
- Қазақстан мен Қытай арасында екі теміржол бекетіміз бар. Олар – Достық-Алашонькоу, Алтынкөл-Қорғас. Былтырдың өзінде теміржолмен осы екі бекет арқылы 14 млн тоннаға жуық жүк тасымалданды. Демек, кезінде Қазақстан Үкіметі «Нұрлы жол» бағдарламасына салған қаражат біздің елімізге өзінің пайдасын келтіріп жатыр. Транзитпен өткен пойыздардан мемлекетіміздің бюджетіне түсіп жатқан қаражат қазіргі кездің өзінде 2-3 млрд доллардай құрайды.
Қытай Орталық Азияға Қазақстан арқылы шығады. Транзиттік рөл атқаратын республика аспанасты елі үшін маңызды серіктес болып табылады. Аньхой провинциясы ынтымақтастық пен достастықты жаңа деңгейге шығаруға ниетті.
Чэнь Лэй, Хэфэй қаласы Үкіметі жанындағы сыртқы байланыс жөніндегі бөлім басшысы:
- Біз Қазақстанға тауарымызды жіберіп жатырмыз. Алайда қайтқан пойыздар бос келеді. Алдағы уақытта экспорттық әлеуетімізді арттырамыз. Себебі Қазақстанның ауылшаруашылық, мұнай өнімдері бізді қызықтырады. Сондай-ақ газдарыңыз да бар.
Хэфэй қаласы Қазақстанмен машина жасау саласында тығыз әріптес. Қостанай облысында бірлескен жоба өз жемісін беріп жатыр. Зауыттың мүмкіндігін кеңейту қарастырылуда. «Алдағы уақытта кәсіпорын жылына 30 мың көлік шығармақ», – дейді мамандар. Электромобильдер бүгінде үлкен сұранысқа ие. Алайда Қазақстанда бұл көліктерді қуаттайтын станциялар жоқ. «Оларды салу көзделген», – дейді компания өкілдері.
Оскар Ю, компания бас директорының көмекшісі:
- Қазақстанға 10 электроавтобус, 30 жеңіл көлік саттық. Барлығы сынақтан өтіп жатыр. Қазір Қазақстанның ауа райына арналған үлгілерді дамытудамыз. Алдағы уақытта жеңіл көліктер мен автобустарға арналған қуаттау станцияларын саламыз. Қазақстан арқылы өзге елдерге 300 мыңдай машинаны экспорттауды көздеп отырмыз. Көрші елде көлік инфрақұрылымын дамытпақпыз.
Риат Шони, тілші:
- Бұл жобаға қатысу арқылы Қазақстан өзінің көліктік инфрақұрылымын дамыту мүмкіндігіне ие болады. Жаңа жұмыс орындары ашылады. Тағы транзиттік табыс табады. Көліктік инфрақұрылымды дамыту арқылы Қазақстан мұнайға тәуелділіктен де арыла алады. Өйткені логистика мен транспорт мұнай баррелінің бағамына қарамастан әрқашанда пайда табуға болатын сала екені анық.
Авторлары: Риат Шони, Азамат Сәметов