Қостанайда этноқалашық бой көтерді
Мамыражай мамырдың алғашқы мейрамын астықты аймақ тұрғындары да жұмылған жұдырықтай асқан ауызбіршілікпен атап өтті. Облыс орталығындағы 17 этномәдени бірлестіктің өкілдері бауырсақ көрмесін ұйымдастырды.
Береке-бірлікті, мейір-шапағатты, көктемнің жылу шуағын өзімен бірге ала келген Қазақстан халқының бірлігі күнін қостанайлықтар ерекше ықыласпен атап өтті. Орталықта этномәдени бірлестіктерінің ауласы қойылып, төрт киіз үй тігілді. Дүбірлі думанда түрлі ұлыс өкілдері өздерінің тұрмыс салттарынан көріністер сахналады.
Қанатбек Беделбеков, Қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы:
- Бүкіл қазақстандықтарды бүгінгі мейраммен шын жүректен құттықтаймын! Халқымызға достық, ынтымақ тілеймін!
Ал бауырсақ көрмесі көпшілікті ерекше қызықтырды. Әр ұлт өкілі ас атасының 20 түрін пісіріп әкелді. Бірі дәмімен ерекшеленсе, екіншісі пішінін өзгерткен. Жұртшылық грек, моңғол, өзбек, түркімен халқының бауырсағынан дәм татты.
Гауһар Асанқызы, Қазақ этномәдени бірлестігінің өкілі:
- Жалпы «бауырсақ» сөзінің түбірі «бауыр», яғни біздің көпшілік бауырларымыздың белгісі дегеннен шыққан. Бұл сөздің жұрнағының өзі бір-бірімізге жылылық сезімін тудырады. Бауырсақты әртүрлі пісіруге болады. Оған ірімшік, бал, күнжіт қосып, әртүрлі ұлттың ерекшелігіне байланысты дайындап әзірлейді.
Этноқалашықтағы ұлттық сусындар көрмесін тамашалағандар аз болмады. Қымыз, шұбат, таңдау көп. Қуыршақтар көрмесі де назардан тыс қалмады. Жүзден аса диаспораға мекен болған қазақ елі тәрізді мұнда да ойыншықтардың сан түрі ұсынылды.
Шолпан Батырғалиева, қала тұрғыны:
- Бүгінгі күн көңілді өтуде. Тыныштықта өмір сүріп жатырмыз. Барлық халық көңілді тойлап жатыр. Мереке мерекеге жалғаса берсін!
Бұл күні әркімді де күмбірлеген күй елітіп, әуелеген ән тербетті. Достыққа мерей, туысқа мейірім сыйлайтын татулық мерекесін қостанайлықтар осылайша қарсы алды.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенберг