«Қаламқас» мұнай кен орнындағы өрттің себебі анықталды
Апат ұңғыма қазған жұмысшылардың қателігінен болған. Мекеменің қызметіне қатысты тиісті шешім шығару үшін құзырлы орындарға хат жолданды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Компанияға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеу міндеттеледі. Естеріңізде болса, бір ай бұрын «Қаламқас» кен орнында жер астынан газ-су қоспасы атқылап, кен орны өртке оранған болатын.
Құрамында құқық қорғаушылар, экологтар, өнеркәсіп қауіпсіздік саласының мамандары бар арнайы комиссия құрылып, бір ай бойы өрт шыққан аумаққа кешенді тексеру жүргізілді. «СиБу» бұрғылау компаниясының қызметкерлері өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын мүлде сақтамаған. «Жұмысшылардың қателігінен экологиялық апат орын алды», – дейді комиссия төрағасы.
Рахман Қалиев, облыстық Өнеркәсіп қауіпсіздігі департаменті басшысының орынбасары:
- Еліміздің өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сай цементтеу 24 сағат күтілу керек, олар бір тәулік күтпей, 2 сағаттан кейін ұңғыманың үстінде тұратын атқыламаға қарсы жабдықты ашып жіберген. Сол кезде адастыратын газ қозғалыс берген соң цементке ықпал еткен де, ашық жерден шығып кеткен.
Ұңғымадан шыққан газ атқылап, «Қаламқас» кен орны бірнеше күн бойы жанып тұрды. Көкке көтерілген қызыл отты сөндіру үшін 30 арнайы техника мен 100-ден астам адам жұмылдырылды. Тіпті көрші Атыраудан мамандар шақыртылды. Бір шаршы шақырым аумақты түгел өрт шалды. Экологтар аталған апат туралы дер кезінде хабарламаған және қоршаған ортаға орасан залал келтірген компанияға қатысты әкімшілік кодекстің 4 бірдей бабы бойынша іс қозғады.
Руслан Төкенов, облыстық Экология департаментінің басшысы:
- Сонымен қатар қоршаған ортаға келтірілген залал бағасы есептелді. Ол 97,2 млн теңгені құрап отыр. Сондай-ақ қазіргі кезде департаментпен сот орындарына талап арыз жолданды. Яғни біздің берілген мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысы және экологиялық рұқсат қағаздарын қайтарып алу жөнінде болды.
№8237 ұңғымасын қазу жұмыстары толық тоқтатылды. Қазір «СиБу» компаниясы ластанған аумақты қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аталған мекеменің алдағы қызметіне қатысты нақты шешімді құзырлы орын қызметкерлері шығаратын болады. Қазір мердігер компанияға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүруде.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев