Көпбалалы аналарға әлеуметтік көмек беріліп жатыр
Бұл – 4 баласына 100 мың теңгеге жуық жәрдемақы алып отырған астаналық ананың сөзі. Жеке куәлікпен Жұмыспен қамту орталығына барған келіншек бір-ақ күнде құжаттарды жинап, 2 аптаның ішінде ақшасын қолға алыпты.
Жүгі әлі буулы тұрған Айгүлдің жаңа баспанаға көшіп келгені кеше. 6 жан болып 12 шаршы метр болатын ұлтарақтай бөлмені паналаған отбасы үшін әкімдік берген 2 бөлмелі жатақхана кең сарайдай.
Әбжановтар отбасысының алды 11-де, кенжесі 4 айлық. 4 баласы бар. Жолдасы мамандықтың жоқтығынан бұйырған жерден нәпақа табады. Аяулым есімді қызына дәрігерлер «ісігі бар» деген диагноз қойыпты. «Мемлекеттің жәрдемақысы болмағанда күнелтудің өзі қиынға соғар еді», – дейді ана.
Айгүл Әбжалиева, көпбалалы ана:
- Балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмесі және тұрғылықты мекенжайдан қағаз керек. Оған басқа құжат талап етпейді. Анықтаманы Халыққа қызмет көрсету орталығындағы кезекке қарамастан 20 минутта алып шықтым.
Айгүл бесіктегі баласын сүйретіп жүріп қажетті құжаттарды бір-ақ күнде жинапты. Өтінішті айдың 12-сі күні беріп, 97800 теңге жәрдемақыны 2 аптаның ішінде алған. «Ең бастысы ұқыптылық пен табандылық», – деп Айгүл өзге аналарға кеңес береді.
Мойнына 1 күміс, 1 алтын алқа таққан Әсел Әбішеванің 8 баласы бар. Атаулы көмекті рәсімдегенше 8 балаға небары 16 мың теңге алып келіпті. Енді 16 мыңның үстіне тағы 186 мың атаулы көмек алады.
Әсел Әбішева, «Алтын алқа» иегері:
- «Құжаттарды тапсырғаннан кейін өтініш қаралады» деді. Одан соң әкімдіктен келген комиссия үй-жайымызды, балаларды көріп, біздің расында көмекке мұқтаж екенімізге көз жеткізді. Кеше ғана мамандар хабарласып: «186 мың теңге аударылды», – деп сүйінші сұрады. Әрине, қуанып жатырмыз.
Атаулы көмек алып отырған аналардың кеңесі: егер әлеуметтік жағдайыңыз қиын болса, көп созбай Халықты жұмыспен қамту орталығына бару керек. Орталық мамандары жәрдемақы рәсімдеудің талап-тәртібін түсіндіріп, қажетті құжаттың тізімін береді.
Авторы: Нұрлан Оспаналы