Еліміздің әскери институтының жас курсанттары зор жетістіктерге қол жеткізді
Солардың арасында Дәулеткерей Сапарбектің жосығы ерек. Ол жауынгерлік дайындығының жоғары деңгейде екенін дәлелдеп, жүздеген сарбаз арасында мергендігін асырды.
Әскери институттың оқу-жаттығу алаңында әскери техниканың дүбірі тыншыған емес. Танкілер мен шынжыртабан машиналарға мінген жас жауынгерлер командалық-тактикалық тапсырмаларды күн сайын орындайды. Жас сарбаз Дәулеткерей Сапарбек те институтта алған білімін осы жерде шыңдайды. Ол өткен жылы Қытай астанасы Бейжіңде өткен халықаралық армия ойындарында мерген сарбаз атанды.
Дәулеткерей Сапарбек, ҚР Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлері әскери институтының 4-курс сарбазы:
- Бірінші өз мемлекетіміздегі техниканы білу керек. Ол жерде әртүрлі жағдайлар болуы мүмкін. Соны тез арада іске қосу қажет.
Жаттығу алаңында жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін ең алдымен білім және қарым-қабілет болуы керек. «Бұл жөнінен Дәулеткерейдің өзіндік ізденуі, еңбекқорлығы мен тактикалық тапсырмаларды орындаудағы ынта-жігері жоғары», – дейді ұстаздары.
Дәулеткерей Сапарбек, ҚР Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлері әскери институтының 4-курс сарбазы:
- Біріншіден, отбасының, Отанның қорғанышы болу керек. Екіншіден, жас буын, жас сарбаздарға үлгілі офицер болу қажет.
Күнделікті сабақтар мен жиі өткізілетін жауынгерлік оқу-жаттығулардан тыс уақытта Дәулеткерей кітап оқиды. Қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлының өнегелі өмірін үлгі тұтады. Дойбы ойнап, еркін күреспен, суға жүзумен белсенді шұғылданады. Жалпы Құрлық әскерлері әскери институтынан 75 генерал шыққан. Дәулеткерей де сондай шенге жетуді мақсат етеді. Биыл ол оқуын тәмамдап, офицер болып шығады.
Авторлары: Алмас Садуақас, Ерлан Әбжанов