Ақмола облысында жыл басынан бері 16 адам өрттен құтқарылды
Тілсіз жау әсіресе тұрғын үй алабында жиі болады. Мысалы жыл басынан Ақмола облысында 300-дей өрт тіркелсе, оның 200-ден астамы жеке тұрғын үйлер мен пәтерлерде болған. Ал өртпен күрес құтқарушыларға да оңай соққан емес. Адамдарды аман алып қалу қажет, үйдің де толық өртеніп кетуіне жол бермеу керек.
Мұндай дабылға өрт сөндірушілердің еті үйреніп кеткен деп ойлаймыз. Алайда олай емес екен. Олар да бұл дыбысты естісе, селк ете қалады. Себебі алда қандай апаттың күтіп тұрғаны белгісіз. Ал оқиға орнына 10 адамнан құралған кезекші бригада аттанады. Тілсіз жаумен арпалысуда 9 жылдық тәжірибесі бар 34 жастағы Асан Есжанов – аға өрт сөндіруші. Яғни ол үнемі алдыңғы шепте жүреді, жалындаған отпен бетпе-бет кездеседі.
Асан Есжанов, аға өрт сөндіруші:
- Өрт шыққанда шұғыл әрекет ету оңай емес. Түрлі өрттер болады. Адамдар жылап, туғандарынан айырылып жатады. Газ баллонның жарылу қаупі тұрады. Бізге жүктелген ең негізгі міндет – адамдар мен мүліктерді құтқару.
Өз бастарын үнемі қатерге тігетін құтқарушылар кезекті шақыртуға бет алды. Қоңырау шалған адамның сөзіне қарағанда, қала сыртындағы саяжай аумағы жанып жатыр екен. Оқиға орнына 7 минутта жеткен өрт сөндірушілер дереу іске кірісіп кетті. Абырой болғанда адамдар зардап шекпеген.
Асан Есжанов, аға өрт сөндіруші:
- Үйлердің қасында саяжай өрттері анағұрлым жеңіл. Мұны тәжірибеміз болған соң ойнап-күліп сөндіреміз десек те артық айтқанымыз емес. Өздеріңіз көрдіңіздер, шұғыл арада әрекет етіп, өртті сөндірдік.
Жалпы бүгінде Ақмола облысында 1300-ден астам өрт сөндіруші қызмет етеді. Ал олар жыл басынан бері 300-ге жуық өртті ауыздықтап, 16 адамды тілсіз жаудан құтқарып қалған. Сондықтан оларға халықтың да алғысы шексіз.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный