Әскерилер ҰОС ардагерлеріне құрмет көрсетті
Мерекелік шара 5512 әскери бөлімінде ұйымдастырылды. Жауынгерлер мен офицерлер Қарулы Күштер ардагерлерімен кездесіп, ақ баталарын алды.
Жас сарбаздардың мерекелік көңіл-күйі ерекше болып тұр. Жігіттердің көбісі төл мейрамдарын ардагерлермен бірге алғаш рет атап өтуде. Олардың қатарында Жамбыл облысынан келген 19 жастағы Дәурен Сабырқұл бар.
Дәурен Сабырқұл, 5512 әскери бөлімінің сарбазы:
- Жақсы әсер алдық. Ардагерлер өздерінің бастарынан өткен жағдайлар, біз білмейтін кемшіліктерді айтып, үйретіп, ақылдарын беріп жатыр. Әрине ардагерлерді көріп, олардан шабыт алып, олардың орнын басушылар боламыз.
Сарбаздар игі дәстүр бойынша сап түзеді. Ақсақалдарға экскурсия ұйымдастырып, күнделікті тыныс-тіршіліктерімен таныстырды. Заманауи әскери техниканың мүмкіндіктерін де паш етті.
Ғалымжан Шарапатов, Ауған соғысы ардагерлері қалалық одағының төрағасы:
- Қазір балалардың сана-сезімі ерекше болып отыр. Әскерге барамын деп, соған тырысуда. Бұрын балалар «қалай әскерге бармауға болады?» десе, қазір «қалай барамын?» деп ойлануда.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Әскери бөлімдегі көтеріңкі көңіл-күй асханада да байқалады. Жас сарбаздарға мерекелік дастархан жайылды. Ас мәзірінде борщ, алма, кәмпит және өзге де тәтті тағамдар бар.
Сарбаздар Павлодар қаласы тұрғындарының тыныштығын күзетіп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Алаңсыз қызметке бар жағдай жасалған.
Айдарбек Жүсіпбеков, ҚР Ұлттық гвардиясы 5512 әскери бөлімі командирінің орынбасары:
- Жастар әскери қызметке қызығушылық танытуда. Жарты жылдан кейін келісімшарт бойынша қызмет еткісі келеді. Сала бойынша білім алып, Отан қорғауды мақтан етеді. Мына шара аясының өзінде өмірін әскери қызметпен ұштастыруды жоспарлағандар көп.
30 жылдық тарихы бар бөлім – еліміздегі үлгілі құрылымдардың бірі. Осы уақытқа дейін материалдық-техникалық жағдай жақсарды. Сәйкесінше ел алдындағы борышын өтеушілерге талап та күшейген.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий