Қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұловаға ескерткіш қойылды
Кеш қазақтың қайсар қызы туралы фильмнің көрсетілімінен басталды. Капелла сахнасына Кеңес Одағының халық әртісі Әлібек Дінішев және ҚР Халық әртісі Роза Рымбаева шығып, соғыс жылдарының әндерін орындады. Концерт Жеңіс күні қарсаңында Ресейдің солтүстік астанасында Әлия Молдағұлова ескерткішінің ашылуына орайластырылған. Қоладан жасалған мүсіннің биіктігі 3 метрді құрайды. Онда батырдың есімі мен жапсырма жұлдызы бедерленген. Жоба авторы – Едіге Рахмадиев. Ескерткіш қоятын орын арнайы таңдалған. Тап осы жерде, сол кездегі №46 балалар үйінде Әлия Молдағұлова тәрбиеленген.
Иманғали Тасмағамбетов, Қазақстанның Ресейдегі елшісі:
- Бұл шара – Ұлы жеңіс күні қарсаңында каһарман апаларымыздың рухына көрсетіліп отырған ұлы тағзым және екі елдің бірлігі мен ерлігін, айбыны мен даңқын паш ететін дара дүние.
Дмитрий Кобицкий, ТМД Парламентаралық Ассамблея кеңесінің бас хатшысы:
- Бүгінде кімнің арқасында өмір сүріп жатқанымызды ұмытпауымыз керек. Әлия Молдағұлова бір кездері Ленинградта да тұрған. Мұнда жиналған балалар, ержеткендер мен ардагерлер оған өз құрметін білдіруге келді.