Түркістан облысында 180 отбасы баспаналы болды
Тұрғындардың қуанышын әріптесім Жандос Жұмабек те бөлісіп қайтты.
Кентаулықтар үшін ерекше күн болды. Мереке қарсаңында 60 пәтерлі 3 көпқабатты тұрғын үй ел игілігіне пайдалануға берілді. 180 отбасы баспаналы болды. Тұрғындарға пәтер кілтін аймақ басшысының өзі тапсырды.
Бүгін 3 бөлмелі пәтерге қол жеткізіп, баспана бақытын сезініп жатқан жандардың бірі – Арайлым Байдүйсенова. Жалғызбасты ана 6 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған. 3 баласын бір өзі тәрбиелеп, бағып-қағып отыр. Жылдар бойы пәтер жағалап, баспана азабын бір кісідей-ақ тартқан. Көптен күткен арманына қол жеткізді.
Арайлым Байдүйсенова, жалғызбасты ана:
- Алдында пәтер жалдап тұрдым. Міне енді неше жылдан бері армандаған үймізге қолымыз жетті. Жеке-жеке бөлмесі бар. Асханасы да кең, барлық жағдайы жасалған. Қуаныштымын. Қуанышымда шек жоқ. Рахмет!
Баспаналы болғандардың бірі – Әлпиевтер отбасы. 6 бала өсіріп отырған жанұя өз шаңырақтарына кіріп, шаттыққа бөленуде. Отағасы Ержан 10 жылдан бері тұрғын кезегінде тұрғанын айтады. Өзі ХҚКО жұмыс істейді. Бұған дейін келіншегі екеуі бала-шағасымен бірге ата-анасының үйінде тұрған.
Ержан Әлпиев, Кентау қаласының тұрғыны:
- 2 ұл, 4 қызым бар. Енді өздерінің бөлмелері болады. Қуанышымыз шексіз. Осындай өзіміздің баспанамыз болып жатқанына куә болып жатырсыздар. Үлкен рахмет.
Айта кетейік, қолданысқа берілген 180 жаңа пәтердің 37-сі жетім балаларға, 90-ны көпбалалы отбасыларға, ал қалғаны тұрғын үй кезегінде тұрған бюджеттік сала қызметкерлеріне «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы үлестірілді. Салтанатты шарада аймақ басшысы осындай қуаныштар мұнымен шектелмейтінін, үй кезегінде тұрған барлық азаматтар кезең-кезеңімен баспаналы болатынын жеткізді.
Ерлан Алдыбаев, Кентау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:
- 2018 жылы Кентау қаласы бойынша 60 пәтерлі 5 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталған болатын. Сол 5 үйді биыл толығымен бітіріп, тапсыру жоспарланып отыр. Мінекей бүгін соның ішінде 3 тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, кезекте тұрған тұрғындарға беріп жатырмыз. Қалған 2 үйді тамыз айына дейін бітіреміз.
Жалпы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан осы 300 пәтерлі 5 көпқабатты нысандардың жобалық-сметалық құны 2 млрд 175 млн теңгені құрайды.
Айта кетейік, биыл Кентау қаласында дәл осындай 60 пәтерлі 10 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Келесі жылы тағы да тұрғын үй кезегінде тұрған 600 отбасы қоныс тойын тойлайтын болады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш