Орталық Азияның бірыңғай криптовалютасы жасалады
Отандық сарапшылар әлем саясаткерлері мен бизнес өкілдерінің кезекті жиынына осындай болжам жасап отыр. Бұдан бөлек форум алаңында еліміз бен шетелдік компаниялар арасында бірқатар меморандумға қол қойылмақ. Одан түсетін пайда ондаған млрд теңге шамасында болмақ.
Астана экономикалық форумының қарапайым азаматтарға шарапаты қандай? Бұл – әрбір қазақстандықтың көкейінде жүрген сауал. Көпшілік кезекті халықаралық жиынға бір млрд теңге шығындалады деп дүрліккенде, оның қайтарымы қандай боларына бас ауыртпайды. Өткен жылы форумда жаһандық қатерлер тақырыбы талқыланса, бұл жолы әлемдік экономиканың тіс қаққан мамандары «Ынталандырушы өсу: адамдар, қалалар, экономикалар» деген тақырыпқа тоқталуды жөн көрген. Демек, экономика өсімінің ендігі драйверлері – адамзат капиталы, инвестициялар үшін қолайлы қалалар, тұрақты экономика. Швейцарияның Globcoin компаниясы Орталық Азияның тұңғыш электронды ақшасын Қазақстанда жасамақ.
Гели Де Хаутефорт, Globcoin компаниясының бас директоры:
- Швейцария цифрлық технологияға қызығып отыр. Нақтырақ айтсам, біз АХҚО-мен бірлесе сандық монета енгізуді жоспарлап отырмыз. Ертең ерекше күн болмақ. Барлық келіссөздерді жүргізіп, жаңа электронды валютаны жасайтын боламыз. Бұрын Еуроодақта бірнеше валюта болған. Қазір жалғыз евро қалды. Дәл солай Орталық Азияда жасау мүмкін емес шығар. Бірақ біз ортақ валютаны енгізуді Қазақстанда бастамақпыз.
Қазақстан астанасы жаңа криптовалютаның отаны болады. Қаракөздеріміз электронды ақша жасауды меңгереді. Оның саудасы, қаржылық операциялары бойынша жұмыс орындары ашылып, жаңа табыс көздері пайда болады. Мұны форумның алғашқы экономикалық тиімділігіне жатқыза беруге болады. Қазақстан 12 жылдың ішінде форум алаңында шетелдік компаниялармен 20 млрд доллардың келісімін жасапты. Биыл да ондаған млрд теңгеге меморандум жасалуы тиіс. Әр министрлік өз саласына қатысты шетелдік компания өкілдерімен жеке-жеке келіссөздер өткізеді.
Роман Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Бұл алаң барлығымызға дамуға мүмкіндік береді. Экономикамызға, бизнеске пайдасы ерекше. Бұл – біз үшін үлкен тәжірибе. Шетелдік әріптестерімізбен кездесіп, бірқатар меморандумға қол қою жоспары бар.
Үлкен форумның алғашқы күні болғандықтан, мамандар келісімдер мен нақты сандарды атамай соңын бағады. Бірақ экономистер жиынның тікелей табысының өзі 3,3 млрд теңге болады деген болжам жасады. Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің авторы Хавьер Мартин бүгінгі форумның нәтижесі бірнеше жылдан кейін анық сезілетінін айтады.
Хавьер Сала-и-Мартин, Колумбия университетінің профессоры:
- Қазақстанға құйылған инвестициялардың пайдасын барлығы сезеді. Тек сабырмен күте білу керек. Инвестиция бүгін салып, ертең жинап алатын пайда емес. Ұзақ мерзімді жоспарда зейнеткерлер, жастар, бизнес те оның пайдасын көреді. Инвесторлар әсіресе келешек ұрпаққа ақша құюға ниетті. Білім саласына үлкен ақша келіп, қазіргі білім беру форматы өзгереді.
Әлемдік нарықта Қазақстан бұған дейін шикізат экспорттаушысы ретінде белгілі болса, бүгінде шетелдік инвесторлар Қазақстанда органикалық өнім шығаруға қызығушылық танытып отыр. Бұл да елімізді осындай халықаралық іс-шаралар арқылы жарнамалаудың жемісі.
Сергей Перапечка, ТМД елдері бойынша сарапшы:
- Біздің жеріміз құнарлы. Құнарлы топырақта табиғи таза өнім өсіруге болады. Батыстың алпауыт компаниялары осы салаға ақша құюға дайын отыр. Осы форумның арқасында екі-үш жылдың төңірегінде импорттың қысқарып, бағалардың төмендегенін көреміз.
Азамат Алдоңғаров, тілші:
- Астана экономикалық форумының 12 жылдың ішінде экономикамызға келтірген пайдасын келесі сандардан бағамдауға болады. Тәуелсіздік жылдарында қарқынды дамып, Қазақстан экономикасына 320 млрд доллар шетелдік инвестиция тартса, оның ішіндегі 20 млрд доллардың келісімдері осы астаналық форум алаңында жасалыпты. Кездесу барысында форум авторы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлем алпауыттарына барлық саяси қарама-қайшылықтарды бір сәтке ұмытып, астаналық форум алаңында G-Global форматында өзара инвестиция алмасу бойынша келіссөздер өткізіп отыруды ұсынды. Бұл – бүгінгі күрделі геосаяси жағдайда экономика өсімін тоқтатпаудың жалғыз жолы.
Авторлары: Азамат Алдоңғаров, Әлібек Әлиев