Елімізде кәсіпкерлерді қаржылай қолдайтын 50 шара қолға алынды
Кәсіп иелеріне мемлекет тарапынан берілетін көмекті түбегейлі қайта қарастырып, ақша беру жүйесін өзгерту керек. Елордада өткен жиында бизнесмендер мен депутаттар осылай деді. Себебі қазір елде шағын және орта бизнесті қолдауға арналған 50 шара бар. Ең тиімдісі – «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы. Оның аясында 2010 жылдан бері 457 млрд теңге бөлінген. Ақшаның 60% бизнес иелеріне субсидия түрінде беріліпті. Алайда кәсіпкерлер субсидияға қарағанда, қолжетімді несие алғанды жөн санайды.
Рақым Ошақбаев, «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры:
- Бізде қаржылық несиелеу саясаты тиімді мөлшер беріп жатқан жоқ. Бұл проблема ұзақ жылдар бойы шешілмей келеді. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы арқылы берілетін субсидияны кәсіпкер емес, банк алып жатыр. Сол себепті кәсіпкерлерге қаржылай көмек көрсету жағын қайта қарастыру керек.
Нұржан Әлтаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жыл сайын ауыл шаруашылығы саласына бюджеттен көп қаржы бөлінеді. Ол 300 млрд теңгеден асады. Бүгінде экономикада ауыл шаруашылығы саласының үлесі азайып барады. Бұл ненің белгісі? Менің ойымша, бірінші кезекте беріліп жатқан қаражаттың үнемділігі, таратылмауы деп ойлаймын. Оның әсері төмен. Сондықтан біз тағы да осы бағдарламаны қарастыруымыз керек.